Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ережесі және құрамы бекітілді, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Egemen Qazaqstan сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Twitter-дегі парақшасында: «Сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы Жарлыққа қол қойдым. Ұлттық кеңес мүшелері, белгілі қоғам қайраткерлері елімізді жаңғырту ісіне елеулі үлес қосады деп сенемін. Бұл – өте маңызды міндет» деп жазды.
Аталған Жарлықтың жай-жапсары Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында баяндалды. Кеңестің негізгі мақсаты – жұртшылықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен мемлекеттік саясатқа қатысты өзекті, маңызды мәселелер бойынша бастамаларды, ұсыныстарды тұжырымдау. Сонымен қатар тұжырымдамалардың, мемлекеттік бағдарламалар мен нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізу, жұртшылықтың, азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып маңызды стратегиялық проблемаларды қарау, сындарлы диалогты қамтамасыз ету – кеңестің негізгі міндеттері. Ұлттық кеңестің құрамы 42 адамнан жасақталды. Олардың бір тобын Мұхтар Тайжан, Арман Шораев, Қазыбек Иса, Мұрат Әбенов сияқты көпке аты мәлім қоғам қайраткерлері құрады. Сондай-ақ, кеңеске қоғам белсенділері – Жәнібек Қожық, Азаматхан Әміртаев, Бақытжан Бұқарбай және құқық қорғау өкілдері – Жеміс Тұрмағамбетова, Айман Омарова, Айгүл Орынбек мүше болды.Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмыс бағдарынан хабардар еткен баспасөз жиынында осы Кеңестің құрамынан табылған қоғам қайраткерлері өз пікірлерін білдірді. Баспасөз жиынының соңына қарай Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің хатшысы Ерлан Қарин кеңестің алғашқы жиыны шамамен тамыз айының 20-сына қарай өтеді деп жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, ол диалог, талқылаулар Кеңес үстелінің басында ғана шектелмей, әлеуметтік топтардың кездесулері өңір-өңірде өтетінін айтты.