Еліміздің тарихына көз жүгіртсек, ХХ ғасырдың отызыншы жылдарында ел бастаған қазақтың нағыз даналары, ұлт жанашырлары азаттық үшін күресте жазықсыз жапа шекті. Солардың арасында оқ бойы озық тұрған қазақтың Үш Арысының биыл туғанына 125 жыл толып отыр. Кеше аудандық Мәдениет үйінде өткен айтулы шара ұлтымыздың біртуар перзенттері: Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиндердің ғибратқа толы ғұмырларын, ерлікке толы істерін еске алуға арналды, деп хабарлайды Кarasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.
[su_custom_gallery source=»media: 13286,13287,13288,13285″ link=»lightbox» width=»150″ height=»150″ title=»never»]
Бұл тағылымы мол шараны қалалық кітапхана мен С.Жандосов атындағы колледждің ұжымдары бірлесе ұйымдастырған. Үш Арыс қазақ әдебиетінің тарихына үш бәйтерек болып еніп, бір жылда өмірге келіп, шығармашылықтарын бірге бастап, дүниеден де бір мезгілде өтті. Бүгінде Тәуелсіз елдің ұрпақтары, зиялы қауымның ізбасарлары тарих сахнасында алтын әріптермен есімдері жазылған аталарының ерлігін ұлықтап келді. Осы жиынның шымылдығы Үш Арысқа өмір хикаясынан сыр шерткен бейнероликпен түріліп, әрі қарай жас ақындардың арнау өлеңдерімен жалғасын тапты. Ел қамын жеген бұл ерлер «Алашордашылар – ұлтшылдар» атанып, жазықсыз жап шекті. Олардың кешірген ауыр жағдайынан сипаттаған қарасайлық өнерпаз Баймұхамет Мұқатайдың орындауындағы «Үш Арыс» әні сол күндерді анық бейнелеп, жиналғандардың көзіне жас үйірді. Әрі қарай, аталмыш оқу орнының студенттері ерліктері өз алдына, жырлары жауһардай төгілетін Үш бәйтеректің өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар, басқа да өнерпаз өрендер айтулы жиын аясында ерлікті, батырлықты сөз еткен әндерді әуелете шырқап, күмбірлеген күйлерді нақышына келтіре орындады. Шараның соңы І. Жансүгіров пен О.Жандосовтың ұрпағы Ажар Жандосова мен аудандық Мәдениет және тілдер бөлімінің бас маманы Ділдә Әбілқасымованың қорытынды сөзімен аяқталды.