КТА лигасы – Қарасай сахнасында

КТА лигасы  – Қарасай сахнасында

Ауданымызда КТА лигасының 1/8 финалы өтті, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

Жастар жылының аясында және Қарасай ауданының 90 жылдық мерейтойына орай жақында ғана КТА лигасының маусымашары өткені баршаңызға белгілі. Бұл тұсаукесерде қарасайлық жас әзілкештерден бөлек, көршілес Жамбыл, Іле аудандарынан, сондай-ақ, Алматы қаласынан арнайы командалар қатысып, қағытпа қалжынға толы өз өнерлерін ортаға салған болатын. Күні кеше, міне, осы топтар біз айтқан КТА лигасының 1/8 финалыңда кездесіп, аудандық Мәдениет үйіне жиналған көрермен қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Әзілкештер сахна төрінде «сәлемдесу», «жамбы ату» «бір әуен аясында» сынды үш кезең бойынша өнерлерін көрсетіп, келесі финалдық жолдама үшін бақ сынасты. Ал, командалардың шын бағасын берушілердің қатарында осы лигаға ұйымдастырушылық танытқан аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айжан Балажанова, аудандық «Nur Otan» партиясы филиалы мен БАҚ саласының өкілдері, сондай-ақ, әзіл сахнасында тәжірибесі бар Сәкен Сариев болды. Кешті танымал жайдарманшы, әзілкеш, жақында ғана өткен республикалық КТА лигасының «Үздік ойыншысы – 2019» дәрежесіне ие болған Хамит Ердехан жүргізді.

Ойын барысына тоқтала кетсек, командалардың дайындықтары да, еңбектері де, астарлы әзілдері де өз деңгейінде болды. Тіпті, кейбір командалар қазіргі қоғамдағы мәселелерді қалжынға тұздық етіп, жұртшылықтың назарына ой саларлықтай жеткізгенін де атап кеткен жөн. Жарыстың заңдылығы бойынша 1/4 финалға 8 команда өту керек. Мұндай жолдамаларға ие болғандардың тізімінде «Мәдениетті жігіттер», «Неге бәрі қыз?», «Қайнар жастары», «КазГАСА», «Ұқсамайтын егіздер», «Олимп», «МG» және «Транзит» сынды топтар болса, ал, Алматылық АЭСА мен Стилдің қыз-жігіттері лигамен қош айтысты. Сондай-ақ, ойын барысында «Үздік ойыншы» мен «Үздік команда» деген дәрежелер де табысталды. Олардың алғашқысына ие болған «Ұқсамайтын егіздер»-дің белсендісі Арман болса, топтардың арасында көзге түскен команда Қаскелеңдік Мәдениет колледжінің жастары болды.

Айта кетсек, елге танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов бастаған КТА лигасы еліміздегі Нұр-Сұлтан, Орал, Қызылорда және Тараз қалаларында ғана бар. Міне, енді осы шаһарлардың қатарына Қарасай ауданы да қосылғанын ерекше айтуға болады.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях