Наурыз айында жүргізілген төлем бойынша 17,4 мыңнан астам дәрігерге қаржылай қолдау ретінде 3,3 млрд. теңге қаражат бөлінді, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалының хабарламасында белгілі болды.
Өткен аптада «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов COVID-19 коронавирусына қарсы іс-шараларға қатысатын медициналық ұйымдарды қаржыландыруға қатысты мәлімдеме жасаған болатын.
Бұрын хабарланғандай, Денсаулық сақтау министрлігі эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын медициналық қызметкерлерді көтермелеу туралы шешім қабылдаған. Қызметкерлердің жалақысына үстемеақы белгілеу ережелері әзірленді. Нақты айтқанда, үстемақы алатын тәуекел топтар, үстемақы алушылардың тізімдерін қалыптастыру тәртібі және төлемдердің мөлшерлері анықталды.
Медициналық қызметкерлерге үстемеақы тәуекел топтарына байланысты төленеді: 212,5 мың теңгеден (5 ТЖМ) 850 мың теңгеге дейін (20 ТЖМ). Үстемеақы алушылардың тізімдерін жедел штабтарда құрылған аймақтық комиссиялар анықтайды. Ал, оның төрағалары әкім орынбасарларынан тағайындалады. Комиссиялардың құрамына денсаулық сақтау бөлімдерінің, өңірлік бас мемлекеттік санитарлық дәрігер, үкіметтік емес ұйымдардың және т. б. өкілдері кіреді. Үстемеақы республикалық бюджет есебінен төленеді және олар комиссиялар ұсынған тізімдерге сәйкес Қормен бірге жасалады.
Жалпы, дәрігерлерді қаржылай қолдау бойынша 35,7 млрд теңге бөлініп, стационарлар мен Қор арасында келісімшарттар жасалды. Наурыз айы бойынша жүргізілген төлемдердің көрсеткішіне сүйенсек, 17,4 мыңнан астам медициналық қызметкерге 3,3 млрд. теңгеден астам қаражат жіберілді. Ең көп сомалар Алматыдағы және Нұр-Сұлтандағы медициналық қызметкерлеріне төленді, ол шамамен 1,9 млрд. теңгені құрайды. Сондай-ақ, ӘМСҚ басшысының болжамынша, қолдау көрсетілетін медициналық қызметкерлердің саны екі есеге дейін артады.