«INTEGRITY ASTANA» коммерциялық емес ұйымының директоры Жанат Нұрғалиев ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің әлеуметтік желідегі парақшасында берген сұхбатында Коммерциялық емес ұйымдар республикалық бюджеттің жартысына қоғамдық мониторинг жүргізуді жоспарлап отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
– Қазіргі кезде Үкімет тарапынан дағдарысқа қарсы шараларға қомақты қаржы бөлініп жатыр. Тек Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бойынша елеулі қаржы қарастырылған. Республикалық бюджет 13,8 трлн теңге шамасында. Денсаулық сақтау министрлігіне 1,5 трлн теңге тиесілі. Сондықтан жоба аясында төрт министрлік бойынша қоғамдық мониторингіге бастамашылық жасауға ниеттіміз. Бұл өз кезегінде республикалық бюджеттің жартысын қамтиды. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері ескерілген. Неге біз осы министрліктерді алдық? Бүгінде Үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралары аясында олар негізгі ведомстволар болып тұр, – деді Ж. Нұрғалиев.
Оның сөзіне қарағанда, аталған министрліктердің бюджеттері туралы мәлімет қоғамға түсінікті түрде жеткізіледі, бұл тұрғыда ел халқы қаржының игерілуі барысынан хабардар болады. «INTEGRITY ASTANA» бұл жұмыста мемлекеттік органдарға жәрдемдеседі.
Жанат Нұрғалиевтің атап өтуінше, төрт министрліктің бюджеттерін мониторингілеу мамыр айынан басталып, бұл жоба жарты жыл бойы жүзеге асырылады. Жобаға тәуелсіз сарапшылар қатысады. Бюджетке талдау жасалып, қаржының тиімді игерілуі бағаланады.