Биылғы түлектердің 72 пайызы ҰБТ тапсырып үлгерді, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің Facebook парақшасындағы ақпаратқа сүйенсек, ҰБТ-ға қатысуға 131 471 адам ниет білдірген. Оның ішінде 111 113-і – биылғы оқу жылының мектеп түлектері. Олардың 72 пайызы ҰБТ тапсырып үлгерді. 1 шілде күні жоспарға сәйкес, осы жылғы мектеп түлектерінің соңғы легі ҰБТ тапсырады. Осылайша 2019-2020 оқу жылының мектеп түлектеріне ҰБТ аяқталады. 21 маусым мен 1 шілде аралығында ҰБТ тапсырып жатқандар үшін кесте өзгермейді.
«12 мыңнан астам алдыңғы жылдардың мектеп және колледж түлектері ҰБТ-ны 2,3,4 шілдеде емес, одан ертерек, 28, 29, 30 маусымда сағат 15:00-де тапсыратын болады. Олардың рұқсатнамалары жарамды, ауыстырудың қажеті жоқ. Егер тестіленуші өзінің ҰБТ тапсыру пунктіне келіп үлгермесе, info@testcenter.kz электрондық поштасына өтініш жазуы керек. Өтініш қысқа мерзімде қаралып, ол бойынша жақын жерде орналасқан облыс орталығында тапсыруға мүмкіндік беру жөнінде шешім қабылданатын болады»,делінген министрліктің хабарламасында.