Тұрғындар арасында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, ана мен баланы қорғау, қоғамдағы отбасының рөлін күшейту мақсатындағы республикалық «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында ауданымызда жоспарлы іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бүгінде орталық Мәдениет үйінің ғимаратында Полиция басқармасы қызметкерлері мен аудан әкімі жанындағы «Отбасы-демографиялық комиссиясының» хатшысы Д. Әбілқасымованың ұйымдастыруымен қайырымдылық концерт өтіп, қарасайлық әйелдер арасында құқықтық-ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді, – деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.
Аталмыш шара барысында алдымен аудандық Полиция басқармасы жергілікті полиция бөлімі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Эльмира Есенбаева аудандағы нәзік жандыларға қатысты отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынаста жасалған қылмыстардың ахуалы жайлы кеңінен айтып өтті. Сондай-ақ, аға инспектор бүгінде өңір бойынша әйелдерге қатысты жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алудағы атқарылып жатқан шаралар жайлы сөз етті. Мұнан бөлек Эльмира Өмірзаққызы жоғарыда аталған әрекеттердің құрбаны болған жағдайда әйелдер қай жерге шағымдана алатындықтары жайлы ақпарат беріп өтті.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу мақсатында ұйымдастырылған шара әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласты. Оның барысында ауданымыздың өнерпаздары әннен шашу шашып, көрермендердің көңіл-күйін көтерді.