Кеше Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев өңірлік коммуникациялар алаңында БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.
Алдымен Махаббат Садуақасұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, өткен жылы жүзеге асырылған игі шаралар жөнінде кең көлемді баяндама жасады. Қарасай ауданының қай саласындағы да көрсеткіші алға ілгерілегенін, мысалы, өнеркәсіп өндірісі Алматы облысының 27,9%-дық үлесін құрағанын, 45 млрд 218 млн теңгенің ауылшаруашылық өнімдері өндірілгенін, негізгі капиталға 112 млрд 33 млн теңге инвестиция тартылғанын, бюджетке түсетін салықтар мен басқа да міндетті төлемдерден 32 млрд 39 млн теңге жиналғанын және басқа да жетістіктер жайын сөз еткен аудан басшысының баяндамасынан журналистер біраз жайтқа қанықты.
Тілшілер тарапынан да бірқатар сұрақтар қойылды.
Атап айтқанда, аудан аумағындағы Әйтей округінде орналасқан қоқыс үйіндісі туралы. Әсіресе, күн жылынса шығатын колқаны кептірер иіске наразы жұрт көптен бері шешілуін күтіп жүрген мәселе бұл. Махаббат Садуақсұлы оған қатысты келіссөздер жүргізіліп жатқанын әңгімелеп, бүгінде қолға алынып жатқан шаралардан болашақта оң нәтиже шығарына сенім білдірді.
Үш ауысымды мектептерге қатысты қойылған сұраққа М.Бигелдиев 2016-2017 оқу жылында ауданда 13 үш ауысымды мектеп болғанын, оларды жою мақсатында, жалпы саны 6 мың 300 орынды 7 мектеп және бір жапсаржай құрылысы толық аяқталып, қолданысқа берілгенін мәлімдеді. Сонымен қатар, қаңтардағы қытымыр қыстың әлегінен қылаң берген көмір тапшылығы да тілшілер назарынан тыс қалған жоқ. Ол бойынша Шамалған бекетінде орналасқан көмір қоймаларына тұрақты түрде қатты отын қабылданып, қарасайлықтардан бөлек өзге аудан тұрғындары да тұтынып жатқаны айтылды. Яғни, қазіргі таңда көмір тапшылығы мүлдем жоқ.
«Алтын орда» базарындағы көлік кептелісі де әңгімеге арқау етілді. Келешекте Алматы қаласынан шығатын халықаралық «Алматы-Бішкек» автомобиль жолының төрт шақырымы сегізден он жолаққа дейін кеңейтіледі. Нақтырақ айтсақ, үш деңгейге бөлінеді. Бірінші жолақ қоғамдық көліктерге арналған, одан кейінгі қос жолақ базар, сауда орталықтары және жақын маңдағы елді мекендерге бағытталады. Ал қаладан тікелей облыс аумағына шығатындары үшін кедергісіз екі жолақты автомобиль жолы салынады және Ақсай өзенінен өтетін төрт жолақты көпір құрылысы басталып кетті. Жүргіншілер үшін төрт үлкен жерүсті өткелі тұрғызылады. Жобаның құрылыс жұмыстары 2017 жылдың қазан айында басталып, 2020 жылдың маусым айында аяқталуы жоспарланған.Құрылыс жүргізетін мердігер мекеме «Даулет-ДорСтрой» ЖШС-гі. Жалпы құрылыс жұмыстарының қаражат көлемі 9 млрд. 100 млн теңге, соның ішінде өткен жылы 3 млрд. 414 млн. теңге бөлінсе, биыл, яғни, 2018 жылы 2 млрд. 111 млн. теңге бөлінеді.
Бұдан бөлек Махаббат Садуақасұлының өнерпаздарға ерекше көңіл бөлетіні де әңгіме арқауына айналып, мәдениет саласына қатысты да сауалдар жолданды.