Бүгін екі аптадан бері өтіп жатқан аудан әкімі Махаббат Бигелдиевтің округ тұрғындары алдындағы есеп беру жиындары түйінделіп, қорытынды жұртшылықпен жүздесу аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Аталған есепті кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Сейдуманов пен облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев арнайы келіп қатысып, қарасайлықтардың өткен жылы атқарылған жұмысқа қанағаттанарлық баға бергенінің куәсі болды.
Орталық мәдениет ошағына жиналғандар алдымен фойеге қаз-қатар тізілген өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы саласы нысандарының, ғылыми-зерттеу институттарының жайған көрмесін аралап, олар шығаратын сан-алуан өнім түрлерін таңдана әрі тамсана тамашалады. Кейінгі кезекте, шымылдығын М.Бигелдиев пен Б.Есебаевтың әні «Жан аға» ашқан, шағын концерттік бағдарлама да көрермен көңілінен шықты.
Жиналыс басталысымен, күн тәртібіне қойылған мәселе бойынша, яғни, «Қарасай ауданының 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және 2017 жылға міндеттері» туралы мінберге шығып баяндама жасаған аудан басшысы М.Бигелдиевтің айтқандарын сахна шетіндегі үлкен экраннан көрсетілген инфографикалық мәліметтер толықтырап тұрды. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойымен қатар басқа да атаулы күндермен айшықталған, өткен жыл ауданымыз үшін жақсы жетістік пен толайым табысқа толы болғанын тілге тиек етіп, екі ірі өндіріс орны іске қосылып, бір мектеп, бір жапсарма салынып, 26 жеке меншік, бір мемлекеттік балабақша ашылғанын, 103,2 млрд. теңге инвестиция тартылып, бюджетке 25 млрд.-тан астам қаржы құйылғанын және өзге де маңызды мәліметтерді ел назарына ұсынған Махаббат Садуақасұлы алда да осы қарқыннан таймай, ілкімділікпен ілгері басу жалғасатынын жеткізді. Сонымен қатар, жақында ғана Елбасы жария еткен «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын басшылыққа алып, әлемнің ең үздік 30 мемлекеттерінің қатарына ену стратегиясын ауданда жүзеге асыру үшін алдымызда келелі міндеттер тұрғанын алға тартып, өз орынбасарлары Н.Жұмәділге, М.Джапаровқа, А.Назарбаеваға жетекшілік ететін салалары бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеп, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын басшылыққа ала отырып, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың салалық тапсырмаларын және аудан әкімінің қала, ауылдық округтерінде тұрғындармен есепті кездесулеріндегі айтылған сын-ескертпелерін назарда ұстап, тиісті шараларды сапалы да уақытылы қолға алуды міндеттеді.
Жарыссөзге жазылып, ортаға шыққандар тарапынан да жігерлі жақсы сөзбен қатар, бірқатар ұсыныстар да айтылды. Мысалға, «Жетісу» АӨК-нің төрағасы Ж.Исағұлов, Қарасай ауданының медициналық аналитикалық-ақпараттандыру қызметінің басшысы Е.Дюсебаев, «Қазақстан қағазы» ЖШС-нің бас директоры В.Горобцова, жас ұстаз Ә.Қабылбекова, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы С.Қыдыралиев халық атынан Қаскелең қаласында жеке қалалық поликлиника салыну қажеттілігі туындап тұрғанына назар аударып, Жаңашамалған ауылында №2 аудандық аурухана тұрғызуға ықпал ету, Алмалыбақ ауылындағы мектеп-гимназияға күрделі жөндеу жүргізіп, Абай ауылындағы орта мектеп екеуіне жапсарма салуға жәрдемдесу, ауданның ақсақалдары мен аналары анда-санда бас қосып сұхбаттасатын, жастар үшін тәрбие орнына айналатын бір ардагерлерге арналған ғимарат жағын ойластыруды өтінді. Осы кезде залдан да біраз сұрақ жазбаша түрде түскен еді. Оларға облыс әкімінің орынбасары С.Тұрдалиев толыққанды жауаптар қайтарып, кейбірін тікелей өңір басшысына хабарлайтынын жеткізді. Бұл ретте биылғы жылдың екінші жартысында Алматы-Бішкек трассасының орнына он жолақты магистраль құрылысы басталатыны, жалпы Жетісу жерін дамыту бойынша қолға алынатын жұмыстар барысында ауданымызда да айтарлықтай іс атқарылатын болатыны да айтылды.