Биыл Жібек жолы ауылдық округіне қарасты Көлащы ауылында аумағы 1 гектар жерді алатын, 300 келушіге арналған алғашқы медициналық көмек көрсету орталығы мен оған апаратын ұзындығы 600 м жолдың құрылыс жұмыстары басталып, жоспарға сай тұрғындардың қолданысына беріледі. Бұл туралы бүгін аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың аталған округтің тұрғындарымен онлайн форматта өткізген есептік кездесуінде мәлім болды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.
Сонымен қатар, округке қарасты Тұрар ауылының тұрғындарын дәрігерлік амбулаториямен және де пошта байланысты торабымен қамтамасыз ету мақсатына 0,27 гектар жер телімі бөлініп, бүгінде құжаттары рәсімделуде. Мұнан бөлек 2019 жылы «Алматы – Нұр-Сұлтан» және облыстық маңызы бар «Алматы 1 – Шамалған – Ұзынағаш» автокөлік жолдарының қиылысында орналасқан жаяу жүргіншілер жолында болған оқиғадан кейін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылы жер үсті аспалы көпірі салынып қолданысқа берілсе, биыл осы жермен көліктерді жүргізбеу мақсатында салынып жатқан айналма жолдың құрылысы аяқталып, қолданысқа берілетін болады. Бұған қоса жоспарға сай Жібек Жолы ауылындағы Жайлау, Құрманғалиев, Байтұрсынов, Құрманғалиев көшелеріне биыл күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жоғарыда айтылып өткендей, осы барлық жақсы жаңалықтар бүгінгі аудан басшысының өткізген есептік жиынында айтылды.
Алайда, Жібек Жолы 35500-ге жуық тұрғыны бар ірі округ болғандықтан, мұнда әлі де шешімін қажет ететін мәселелер де жетерлік. Мәселен, бүгінгі жиында тұрғындар тарапынан округке жеке перзентхананың қажет екендігі айтылды. Бұған округ әкімі Алпамыс Айдаров өткен 2020 жылы округте 1287 сәби дүниеге келгендігін тілге тиек етіп, жоғарыда айтылып өткен медициналық орталық ойдағыдай салынып бітсе, онда ескі аурухананың ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, перзентханаға айналдыру жоспарда бар екенін айтты. Сонымен қатар, тұрғындардың Досымхан Хусаин, Ұлан және Жолдас сияқты бірқатар көшелердің жөнделуі жайлы сауалына да жауап беріп, Досымхан Хусаин көшесі биыл, Ұлан көшесі 2022 жылы, Жолдас көшесі 2025 жылы, сол сияқты, өзге де көшелер бекітілген жоспарға сай жасалатындығын айтты. Мұнан бөлек жиында Алпамыс Айдынұлы биыл Жібек Жолы ауылының орталығына «Work Out» салынатындығын және де Тұрар ауылынан спорт алаңын салуға жер қарастырылып, оған қажетті құжаттар облыстың қарауына жіберілгендігін айтып өтті. Округ әкімін тыңдаған Жардарбек Ермекұлы аталған спорт алаңына қажетті қаражатты аудандық бюджеттен беретіндігін айтып, мұны қадағалауды өзінің орынбасары Дулат Сансызбаевқа тапсырды.
Сонымен қатар, Алпамыс Айдаров тұрғындардың келісімімен Жібек жолы ауылындағы мектепке арналған жерге Мәдениет үйін тұрғызу жоспарда бар екенін айтып, әкімдік тарапынан көмек сұрады. Округ әкімінің бұл ойын аудан басшысы қолдап аталмыш жер ыңғайлылығын тексеріп, нысанның құжаттарын дайындауды жүктеді. Жиында округ тұрғындарын мазасын алып, жол кептелістеріне әкелетін жайма базар жайлы да біраз шағымдар түсті. Аудан басшысы аталған мәселені шешу мақсатында округ әкіміне, біріншіден, бұл базардың әлі де заңсыздастырылмағандығын, екіншіден, олар көлік жүретін жолдан кем дегенде 35 м шақырым алыс орналасу керектігін айтып, оны шешуді тапсырды.
Жоғарыда айтылғандардан басқа жиында қаңғыбас иттер, жолдағы, үйдегі жарықтардың әлсіздігі сияқты бірқатар, су ағынының баяулығы мәселелер де көтерілді. Округ әкімі бұл аталған істер әкімдік тарапынан назарға алынып, осы бағытта жұмыстар жасалып жатқандығын айтты.