Алматы облысының белсенділері Маңғыстау облысының фермерлеріне гуманитарлық көмек ретінде 42 вагон шөп, 1 вагон мал жемін жөнелтті, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жетісулық белсенділердің күшімен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Жетісу» ӘКК тарапынан 32 вагон шөп пен 1 вагон мал жемі жинақталып жіберілді. Сонымен қатар Панфилов ауданының белсенділері де 10 вагон шөп қосымша жөнелтті.
Қазір өңірде мал азығын дайындау ісі қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі күні 2321,6 мың тонна шөп немесе жоспардың 82,4%-і жиналды, 331 мың тонна сабан, 419,6 мың тонна пішендеме, 212,6 мың тонна мал жемі, жалпы көлемі 3,2 млн тонна мал азығы дайындалды. Бұл жұмыстарға құрамында 1600-ден астам адамы бар 295 шөп жинайтын бригада жұмылдырылды. Сол сияқты 1576 шөп шабатын машина, 1401 пішен жинағыш техника жұмыс істеуде. Облыстағы ерекше қорғалатын табиғи және мемлекеттік орман қоры аумақтарының 15,3 мың га жерін шөп шабуға, 959 мың га жерін жайылым үшін шаруашылықтар мен тұрғындар пайдаланып отыр.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, Алматы облысында мал азығы жетіспеушілігі орын алмайды деп болжанып отыр. Жем-шөп дайындау ісі жалғасуда.
Атап өтсек, биылғы жылы өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 3,7 мың гектарға ұлғайып, 972 мың гектарды құрап отыр. Қазіргі кезде 216,2 мың га масақты дақылдар жиналды, 361,5 мың тонна астық бастырылды, астықтың орташа шығымы – 16,7 ц/га.