Бүгінде сегіз баласынан өрбіген ұрпағының ортасында бақытты ғұмыр кешіп, әрдайым ел-жұртының тыныштығын тілеп жүрген Мынаш Аймаханова апамыз кішкентай кезінен сұм соғыстың зардабын сезініп өскен жанның бірі. «Батыр ана», «Кеңес одағы Еңбек ері» атанған кейуана көп қасірет әкелген сол бір жылдар жайында бүгінде есіне алғанды ұнатпайды. Жасы 97-ге таяса да сол күндерді еске алғанда ардагердің жүрегі әлі де шымырлайды екен, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Мынаш Аймаханова 1928 жылы Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан Республикасының астанасы Нүкіс қаласында дүниеге келген. Жастайынан соғыстың зардабын көрген әжеміз жасына қарамай, өзгелермен бірге тылда еңбек етіп, балық аулап, олардың барлығын соғысқа аттанған азаматтарға жіберіп отырды. Осылайша қарулы ұрысқа жарамайтындармен бірге жауынгерлерін азық-түлікпен жабдықтап отырған. Десе де сол кездердегі қиыншылықтың дәмен сезген Мынаш апамыз сынаққа төзіп, шыңдала білді. Кейіннен осындағы медициналық мектепте (қазіргі академияда) білім алып, қалалық ауруханаға медбике болып жұмысқа орналасқан. Сөйтіп жүріп, тағдыр қосқан жары, осыдан 26 жыл бұрын марқұм болған, Ұлы Отан соғысының ардагері Жанзак Аймахановты кездестірген екен. Сол жылдары жеңістің жауынгері жаралы күйге түскен азаматтардың бірі болатын.
Жанзак атамыз Нүкісте дүниеге келгенімен, оның Отаны – Қазақстан. Ашаршылық жылдары ардагеріміздің әке-шешесі шекара асып, Нүкіске өтіп кеткен. Ол осында білім алып, майданға аттанған. Кейіннен соғыс кезінде ауыр жарақат алып, үйіне оралды. Жарақатынан айығып, есін жинаған соң Педагогикалық институтқа оқуға түседі. Білімге құштар ардагер көп жылдар бойы ұстаз, 25 жылдан артық мектеп директоры болған, сондай-ақ белсенді ретінде партиялық органдарда да қызмет еткен.
Осылайша екі жас отау құрып, үлкен әулетке айналған. Мынаш апамыз бен Жанзак атамыз 8 ұл-қызды тәрбиелеп, бағып-қақты. Бүгінде балаларының бірі әке жолын қуып ұстаздықты, аналары секілді медицина саласын таңдаса, енді бірі инженер болып жұмыс істейді.
Өкінішке орай, ардагер атамыз 1998 жылы 73 жасқа қараған шағында дүниеден өткен. Әкелерінің өлімінен кейін балаларынын бәрі оның және өздерінің туған елдері болып саналатын Қазақстан жеріне қайтып келуді жөн көріп, бір-бірден Қазақстанға қоныс аудара бастаған. Құдай қосқан жары қайтыс болып, балалары тұрақтанып алғаннан кейін 2006 жылы Мынаш апамызда қасиетті Қарасай жеріне көшіп келеді.
Қазіргі уақытта кейуана сегіз баласынан тараған 106 немере, шөбере, шөпшек, немене сүйіп отырған бақытты әже.