Аудан әкімі Жасұлан Естеновтың төрағалығымен Жастар ісі жөніндегі Кеңестің отырысы өтті. Жиынға аудандық прокуратураның басшысы Жәнібек Жақаев, ҰҚК Алматы облысы бойынша департаменті Қарасай ауданы бойынша басшысының орынбасары Бауыржан Жұмабаев, полиция басқармасының өкілі, бөлім басшылары, қала және округ әкімдері сондай-ақ кеңес мүшелері қатысты, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Күн тәртібінде жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және профилактикалық шаралар жайында және аудан аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен қылмыстың алдын алу бағытында цифрландыру («Сергек», бейнебақылау камераларын орнату) жұмыстары туралы мәселелер талқыланды.
Қарасайлық жастар мәселесіне байланысты Жастар ресурстық орталығын жетекшісі, полиция басқармасының өкілі, аудандық білім бөлімінің басшысы, Қаскелең қаласы мен Іргелі округінің әкімдері баяндамаларын оқып, бүгінде шешілмей тұрған бірқатар мәселелер жайында айтып, қолдау сұрады.
Отырыста негізінен жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың, отбасындағы зорлық-зомбылық жағдайларының өсуіне жол бермеу мақсатында жасалып жатқан жұмыстардың сапасы сөз етілді.
Аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы кеңес отырысында қаралған мәселелерге байланысты кемшіліктер жайында айтып, бірқатар ескертулер жасады. Сонымен қатар кеңесте көтерілген мәселелерді шешу үшін барлық бөлімдер мен тиісті мекемелер бірігіп жұмыс істеу керектігін ескертіп, жиналған басшыларға нақты тапсырмалар берді.