Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов Қаскелеңдегі Белинский орта мектебінің күрделі жөндеуін сынға алды. Оның айтуынша, дәл осы мектептің директоры мердігер мекемемен құрылыс мәселесін шешуі тиіс болған екен. Ал аудан әкімі бұл дұрыс еместігін түсіндіріп, «ұстаздар бала тәрбиесі мен оларды оқытумен, ал құрылысшылар құрылыспен айналасуы тиіс» деп ойын білдірді. Бұл жайында аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» деген тақырыппен өткен аудан ұстаздарының тамыз кеңесінде айтты, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Жиын барысында аудан әкімі Жасұлан Естенов алдымен Қарасай жұртшылығымен танысып, бұл оның аудандық Мәдениет үйінде өткен алғашқы алқалы жиыны екенін айтты. Аудан басшысы өз сөзінде ел Президенті Қ.Тоқаевтың өскелең ұрпаққа мән беруді, оларға жол ашуды, жағдай жасауды тапсырғанын тілге тиек етіп, аудандағы жасөспірімдердің болашағына алаңдаушылық білдірді. Өйткені аудан әкімін статистикалық мәліметтер қуантпады. Ол деректерге сүйенсек, ауданда 2021 жылы кәмелетке толмағандармен 21 қылмыс тіркелсе, 2022 жылдың 7 айында ол қылмыстар 42-ге жеткен. Одан бөлек былтырғы жылы тек бір суицид болса, биыл 1 суицид және 4 ұмтылу фактісі орын алыпты. Осы жағдайларға қатысты Жасұлан Тоққожаұлы білім бөліміне талдау жасап, тиісті шаралар қабылдау қажеттігін ескертті.
Қарасай ауданының әкімі білім саласында жеткен жетістіктер жоқ еместігін алға тартып, шешілмей жатқан мәселелерге де көңіл бөлуді нақтылап жеткізді. Мәселен, облыстық білім басқармасының мәліметіне сәйкес, Қарасай ауданы бойынша білім сапасы 63,2 пайызды құраса, облыс бойынша бұл көрсеткіш 65 пайызға тең. Жасұлан Тоққожаұлы бұл облыс деңгейінен төмен екенін айтты. Аудан әкімі бұл сапалық бағамды сараптай келе, ауданда үшауысымдық мектептерді жою, кадр тапшылығын шешу, «Балалар жылы» аясында іс-шараларды тоқтатпау, жыл бойы «Мектепке жол» акциясын жүйелі жүргізу, биыл жапсаржайы басталған мектептердің құрылысын аяқтауды қатаң қадағалау, жолдарда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты мәселелерді шешуді тапсырды.
Жиын соңында аудан әкімі Жасұлан Естенов бірқатар ұстазға білім беру жолында атқарған еңбектерін бағалап, өзі атынан Құрмет грамота мен Алғыс хаттарды табыс етті.