Елімізде үш жылдан бері «Өрлеу» жобасы пилоттық режимде пайдаланылып, өзінің қажеттілігін және нақты нәтижелерді көрсетті. Оның көмегімен қиын өмірлік жағдайға тап болған жүздеген жандарға қаржылай жәрдем берілді. Енді, 2018 жылдан бастап мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес, аз қамтылған азаматтарды қолдаудың жаңартылған түрі – атаулы әлеуметтік көмек әрекет ете бастайды. Дүйсенбі күні Алматы облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәния Наурызбаева ауданымызға арнайы келіп, жаңа бағдарламаның ережелерін түсіндірді.
Абай атындағы орта мектеп-гимназиясында өткен жиынға ауылдық округ әкімдері, орынбасарлары, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, сондай-ақ, жұмыспен қамту орталығының мамандары, консультанттар мен ассистенттері, өзге де ауыл, қала тұрғындары қатысып отырды. Атап айтқанда, шартсыз және шартты ақшалай көмек болып екі түрге бөлінетін атаулы мемлекеттік қолдаудың мақсат-міндеттері кеңінен әңгіме арқауына айналып, мән-маңызы ашыла түсті. Нақтылай түссек, шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларына, мәселен, қарт зейнеткерлер мен мүгедектер тұратын немесе еңбекке жарамды мүшелері еңбекпен қамту шараларына объективті себептермен қатыса алмайтын отбасыларына, мысалы, мектеп жасындағы балалары бар жалғызбасты анаға беріледі. Олардан жәрдемақы алуы үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу талап етілмейді. Ал, шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамды кем дегенде бір мүшесі бар отбасына әлеуметтік келісімшарт жасасқан жағдайда, сонымен қатар, отбасының барлық еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан жағдайда берілетін болмақ.
Сонымен қатар, бұл маңызды әрі пайдалы бас қосу аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залындағы семинарға да ұласты. Ол кезде де жобаны тікелей жүзеге асыратын мамандарға атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы бойынша ақпарат беріліп, барлық қатысқан азаматтар тест сұрақтарына жауап берді.
Ауданда жаңа бағдарламаның ережелерін халыққа жеткізу бойынша мобильді жұмыс тобы құрылып, әр округтерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын бастап кеткенін де атап өткен жөн.