Камераның алдында тұрып, қалың көрерменге тек студиядан ғана емес, сондай-ақ, әлемнің түкпір-түкпірінен маңызды ақпарат жеткізіп отыратын журналистке жүктелетін жауапкершіліктің тым салмақты екенін айтпаса да түсінікті. Бүгін аталып өтіп жатқан журналистер күніне орай Karasayinfo.kz желілік басылымы біздің жерлесіміз Алмалыбақ ауылының тұрғыны, журналистика саласына өмірінің 20 жылын арнаған Рауан Қалибаев, жайлы айтып өтуді жөн көрді.
Рауан Бақытжанұлы бүгінде қиындығы мен қызығы қатар жүретін, көп ізденісті талап ететін осы салада еңбек етіп, оның жауапкершілігі мен ауыртпашылығын абыроймен көтеріп жүрген журналистің бірі. Ол қазақ телевизиясындағы белгілі журналист, еліміздің тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап жұмыс істеп келе жатқан «СТВ» арнасының бас редакторы, журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен майталман. Ол 1980 жылы Сарыағаш ауданында дүниеге келген. Әкесі Бақытжан Қалибаев ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, ал, анасы Райхан ұстаз, өмірін балаларына арнаған аяулы жан. Сондықтан болар, көзі ашық, көкірегі ояу отбасында дүниеге келген Рауанның әрбір іс-әрекеті тиянақты, ашық және жарқын мінезді болып өседі. Журналистика саласына да әрнәрсені біліп, көруді ұнатқандығынан келді десек те болады.
Мектепте оқып жүріп, өзің болашақ мамандығына дайындалу мақсатында теледидардан жаңалықтарды тыңдап, кітаптарды, газет пен журналдарды, мақалаларды көп оқи бастайды. Сол қызығушылығының арқасында мектебінде орыс тілі мен орыс әдебиетінен өтетін олимпиадаларға белсенді түрде қатысып, көптеген байқауларда жетістіктерге жетіп, бірқатар басылымдарда мақалаларын жариялаған.
Орта мектепті тәмамдаған соң, Алматыға жол тартып, көптеген беделді қазақ журналистері оқыған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне түседі. Университет қабырғасында білім алып жүріп, әртүрлі басылымдарға мақалаларын жариялап отырған. Төртінші курста оқу практикасымен «Рахат ТВ» (бүгінде «СТВ») арнасына барып, сол жерден іс-тәжірибеден өте бастайды. Жас та болса жалыны мол жігіттің талабын байқаған арна басшылығы оны штаттан тыс журналист ретінде жұмысқа алып, оны мамандыққа тереңірек икемдей бастайды. Содан бастап оған оқу мен еңбекті ұштастырып, өзіне көрсетілген сенімнен шығу үшін бүкіл қажыр-қайратымен тынымсыз еңбек етуге тура келеді. Кейін ол аталмыш арнаға штаттық журналист болып орналасады. Бұл, әрине, жоғары оқу орнын енді ғана тәмамдаған жас маман үшін үлкен өмір мектебі еді. Бұл жерде ол тәжірибелі мамандардан тележурналистиканың қыр-сырын үйреніп, камера алдында жұмыс жасауды, дұрыс сөйлеу шеберлігін қалыптастырды. Жиырма жылдан астам осында еңбек етіп жүріп, спорт, қылмыстық, жаңалықтар сияқты әртүрлі бөлімдерде қызмет етеді. Еліміздің өзге аймақтарына, президенттік делегация қатарында Мәскеу, Германия, Бельгия, Египет, Иордания, Корея, Қырғызстан сияқты мемлекеттерге сапарға барып, сол жақтардан елімізге маңызды жаңалықтарды дайындайды.
Жұмысын қатардағы журналист ретінде бастаған Рауан бүгінде білдей бір «СТВ» арнасының бас редакторы қызметін абыроймен атқаруда. Жеткен жетістіктері жетерлік болғанымен, ол осы жолда тоқтамай әлі де өзінің телекөрермендеріне сапалы, қызықты жаңа бағдарламаларын сыйға тартып, халықты сапалы жаңалықтармен қамтып отыруды көздейді.
Рауан Қалибаев тек кәсіби маман емес, сондай-ақ, бос уақытын отбасымен, ағайын-туыстарымен және достарымен өткізуді ұнататын жан, жақсы жар, ардақты әке. Сондай-ақ, оның жаны тыныштықта отырып кітап оқуға құмар. Көбіне Мұхтар Әуезов, Мұқағали Мақатаев, Ілияс Есенберлин, Әнуар Әлімжапов, Мұхтар Мағауин сияқты қазақтың тамаша ақын, жазушыларының шығармаларын ұнатады. Иә, Рауан Қалибаев бүгінде экранда эстетикалық, әрі этикалық тұрғыдан жастар еліктейтін дәрежеге дейін көтерілген. Ол көгілдір экранда өзін еркін, тартымды ұстап, жаңалықты сенімді жүргізетіндігімен көпшілік көрерменнің көңілінен шығуда. Бүгінде телевизия саласында өзіне тән мәнерін, өз жолын, өз соқпағын қалдырып келе жатқан журналистердің бірі.