Бүгін Қарасай ауданында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, «Учаске» республикалық жедел алдын алу шарасы өткізіле бастады. Ондағы басты мақсат – әкімшілік аймақта қылмыс пен құқық бұзушылықты болдырмау, учаскелік полиция инспекторларының және жалпы ішкі істер органдарының имиджі мен беделін көтеру, халық арасындағы сенімін арттыру, тығыз қарым-қатынасты орнату, заңсыз қаруларды анықтау және көші-қондылықты бақылау үшін әрбір пәтер мен жеке үйлерді аралап, тұрғындар жайлы ақпарат жинақтау болып табылады.
Аудандық ІІБ ЖПҚ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Есен Ахметжановтың берген мәліметінше, қараша айының 16, 17, 18-і күндері жүргізілетін рейд жұмыстарына қарасайлық құқық қорғаушыларға көршілес Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле аудандары мен Қапшағай қаласының ІІБ қызметкерлері де көмеке келді. Енді үш күнге созылатын шара барысында барлығы 260 учаскелік полиция инспекторы өздеріне бекітілген әкімшілік аумақ көлеміндегі пәтерлер мен үйлерді тексеріп, тұрғындар туралы ақпарат алмақ.
Атап айтқанда, бұрын істі болғандар, жүйке жүйесінің ауруымен тіркеуде тұрғандар, пәтер жалдаушылар мен пәтерін жалға берушілер, түрлі қару-жарақ сақтаушылар, барлығының құжаттары талап етіліп, әкімшілік құқық бұзушылық жасағандарды заңдық тұрғыда жазалау, экстремизм мен терроризмге қарсы жұмыстарды да қолға алу көзделуде.
Бейсенбі күні таңертеңнен бірнеше ауданнан жиналған полицейлер сапқа тұрғызылып іс-шараның мақсаты мен тапсырмалары жеке құрамға жеткізілді. Осы кезде Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Н.Сатубеков, Алматы облыстық жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі А.Совет, сонымен қатар, аудандық ІІБ ЖПҚ бастығының орынбасары Е.Ахметжанов сөйлеп рейд жұмысының маңыздылығына, тәртібі мен мақсатына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.