«ҚАЗТЕСТ» – ел азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалайтын бірден-бір жүйе. Елбасының Жарлығымен бекітілген тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында осы жүйеге де басымдық берілген. Сондай-ақ, Президент 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың үлесі 90 пайызға жетуі керек деген талап қойғаны белгілі.
Біздің ауданымыздың мемлекеттік қызметшілері де жыл сайын мемлекеттік тілді терең білу деңгейлерін тексеріп отырады. Таяуда аудандық кітапханада арнайы комиссия өкілдері келіп, кезекті осындай сынақ қабылдады. Оған бюджеттік сала мамандарымен қатар, жекеменшік білім мекемелерінің қызметкерлері де қатысты. Барлығы 250 деңгейлік, 35 сертификаттық тестілеу тапсырылды. Сынақ нәтижесі біраз уақыттан соң белгілі болады.