Киіну бұл кез келген адамның талғамының көрінісі. Бүгінде көптеген қыз-келіншектер өзінің сыртқы келбетіне ден қойып, өзіндік киім кию стилін қалыптастырғанын байқауға болады. Жылдар өткен сайын өзінің сыртқы келбетіне үлкен мән беретіндер қатары өсіп келеді. Соған сәйкес елімізде соңғы жылдары осы бағытта жұмыс жасап, жаңа киім үлгілерін ойлап тауып, тігіншілік өнерлерін жеке кәсіптеріне айналдырып отырған дизайнерлер де көбеюде. Солардың бірі ретінде Талғар ауданының тұрғыны «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасының арқасында қаржылай қолдау алып, арманын жүзеге асырған Нұрила Ахметованы айтуға болады, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Ең қызығы сән әлемін таңдаған кейіпкеріміз өзі дәрігерлер әулетінде дүниеге келген. Әлбетте жақындары, әсіресе әкесі Нұриланы отбасылық кәсіпті жалғастырады деп сенген. Алайда ол тігіншілік пен сән әлемінің жолын таңдаған.
– Мен дәрігерлер отбасында дүниеге келдім. Сондықтан болар әкем үнемі мені отбасылық кәсіпті жалғастырады деп үміттенген еді. Бірақ мен тігін тігуді ұнатқандықтан әрдайым өзімнің киім тігетін студиямды ашатынымды елестететінмін. Ине мен жіпті пайдалануды маған анам үйретті. Ал бірінші сыныпта оқып жүргенде айқас тігуді жақсы білетінмім.
Өсе келе осы бағытта жұмыс жасағым келетінімді түсініп, кішігірім тігіншілік кәсібімді бастадым. Енді, міне, мемлекеттік бағдарламаның арқасында өзімнің арманыма қол жеткізіп отырмын. Берілген қаражатқа қажетті станоктар, маталар, манекендер сатып алып, тағы бір тігіншіні көмекші етіп алдым. Осының арқасында кәсібім кеңейіп, алдымнан жаңа көкжиектер ашылып отыр, – дейді кәсіпкер.
Нұрила «Janome» атты өзінің алғашқы тігін машинасын үш айда меңгеріп алған. Оған оны әйелінің қызығушылығын байқаған күйеуі сыйлаған. Кәсіпкерлік жолындағы алғашқы қадамы костюм тігу болған.
Уақыт өте келе Нұрила жаңа құрылғылар алып, кәсібін кеңейтіп, тапсырыс берушілер ауқымын ұлғайтқысы келіп жүргенде достарынан «Ауыл Аманаты» тиімді несиелеу бағдарламасы туралы естіген. Сөйтіп, барлық қажетті құжаттарды жинап, несиеге өтініш берген. Кейіннен оның өтініші мақұлданып, жеке кәсіпкердің есеп шотына сегіз миллион теңгеден астам қаржы аударылған.
Конкурсқа қатысу үшін жасаған бизнес-жоспарының арқасында жақсы ғимарат тауып, қалаған ательесін ашуға мүмкіндік берген. Қазіргі уақытта Нұриланың жоспарында кәсібін кеңейтіп, жұмысшылар санын көбейтіп, біліктілігін арттырып, жоғары санатты маман болу.
– Кәсіппен айналысамын деушілерге мемлекет тарапынан көптеген мүмкіндіктер жасалған. Өз ісін ашуға қорқатындарға айтарым: қорықпаңдар, мемлекет берген мүмкіндіктерді пайдаланыңдар! Соның ішіндегі ең тиімдісі «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Өйткені, берілген несие 5 жылға және жылдық небәрі 2,5 пайызбен. Оған қоса тағы бір жыл демалыс бар, бұл өте тиімді, – дейді Нұрила Ахметова.
Айта кетейік, Талғар ауданы бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы соңғы бір жылда мемлекеттік несие алуға 20 үміткерді мақұлдаған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да белсенді жалғасуда. Қазірдің өзінде грант алуға өтініштер үздіксіз қабылданып жатыр.