Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев отставкаға кетті. Бұл жөнінде ол өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы Қазақпарат сайтына сілтеме жасап.
«Мен Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» заңына сәйкес, заң үстемдігін құрмет тұтатын азамат ретінде өз еркіммен отставкаға сұранып, өтініш жаздым. Және бүгін облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы отставкамды қабылдады», – деп жазды Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев.
Естеріңізге сала кетейік, Текелі қаласы әкімдігінің аппарат басшысы парамен ұсталып, қылмысы сотпен дәлелденген болатын. Осы жағдайға байланысты Б.Өнербаев заң бойынша оставкаға кету жөнінде арыз жазған.
«2016 жылдың қараша айынан бастап өздеріңіздің қолдауларыңызбен осы уақытқа дейін азды-көпті қызмет атқардым. «Жер жәнннаты – Жетісудың» жауһары болған Текелі қаласында әкім болып қызмет еткенімді үлкен мәртебе санаймын. Сіздермен бірге қоян-қолтық Текелінің өсіп-өркендеуіне, дамуына қолдан келгенше үлес қостық. Әрине, әлі күнге дейін көп мәселелердің түйіні шешілмегені мені де мазалайды. Бір қуантатын жәйт – Текелі қаласындағы ең өзекті мәселелердің бірі болған су мәселесі жартылай шешілді, енді жалғасын таппақ. Екіншісі – экологиялық мәселе, яғни қорғасын-мырыш зауытының қала ортасында жатқан өндірістік қалдығының рекультивациясы жобасы басталды, жылдың соңына дейін аяқталу қажет. Осы төрт жыл ішінде сіздерден қолдау көріп, қаланы көркейтуге бірегей үлес қосқанымыз үшін сіздерге алғысым шексіз», – деп толықтырған ол.
Айта кетейік, Текелі қаласы әкімдігінің аппарат басшысы 1,5 млн теңге парамен ұсталып, қылмысы дәлелденген болатын. 1978 жылғы шенеунік енді алған парасын он есе қылып мемлекетке қайтарып, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сот оған 15 млн теңге айыппұл салды. Алғашқы еңбек жолын қарапайым күзетші болып бастаған Текелі қаласы әкімінің аппарат басшысы парамен ұсталғанда ағыны күшті суға секіріп, өз өміріне қауіп төндіріп қашқан болатын.
Заң бойынша қоластындағы мемлекеттік қызметкер парамен ұсталса, оның басшысы қызметінен кетуі тиіс.