Алматы облысы Талғар ауданының бұрынғы әкімі Серікжан Ерекешовке қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәліметіне сілтеме жасап.
14 желтоқсанда Алматы облысы Талғар аудандық соты Талғар ауданының бұрынғы әкімі Ерекешовке және Талғар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Шамаевқа қатысты үкім шығарды.
Айыпталушылар ЖШС директорынан сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы бойынша орындалған жұмыс актілеріне қол қойғаны үшін 2 миллион теңге сомасында пара алды деп күдікке ілінген.
«Талғар ауданының бұрынғы әкімі Ерекешев сотталып, оған 59,4 миллион теңге айыппұл салынды. Осы үкім бойынша, Талғар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Шамаевқа 29,7 миллион теңге айыппұл салынды», – делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, Серікжан Ерекешев Талғар ауданының әкімі болып 2020 жылы тамыздың ортасында тағайындалған еді. Одан кейні әлеуметтік желілер мен кейбір БАҚ-та Алматы облысы Талғар ауданының әкімі Серікжан Ерекешев ТКШ бөлімінің басшысы мен орынбасарымен бірге ұстағаны хабарланған болатын.