ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова ведомствоның алқа мәжілісінде Маңғыстау, Атырау, Алматы және Түркістан облыстарына үздік мұғалімдерді тарту бойынша қандай жоспарлар құрылып жатқанын айтты, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
– Маңғыстау, Атырау, Алматы және Түркістан облыстарында мектеп оқушыларының білім сапасын арттыру мақсатында осы өңірлерге педагогтерді тарту үшін арнайы бағдарлама іске асырылады. Оларға айтарлықтай келесідей әлеуметтік қолдау көрсетіледі: жоғары жалақы коэффиценті, баспана жалдау және коммуналдық төлемдер шығындарын өтеу. Бұл шаралар аталған аймақтарда білім беру сапасы бойынша үлкен алшақтықты азайтуға бағытталған, – деді ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова
Оның айтуынша, биыл кемінде 70 мың педагог жаңа білім беру бағдарламалары бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.
– Колледждік білімге мемлекеттік тапсырыс көлемі де ұлғайтылады. Биыл 120 мыңнан астам қазақстандық тегін техникалық және кәсіптік білім ала алады, бұл 2021-2022 оқу жылымен салыстырғанда 25 мыңға артық. Сондай-ақ, колледждерге олардың қамқорлығын ұйымдастыру және дуальды оқытуды кеңейту үшін кәсіпорындармен өзара іс-қимылды күшейту жоспарлануда, – деп түсіндірді Шолпан Каринова.