Түркістан облысында әлем чемпиондары еден жуып жүр  

Түркістан облысында әлем чемпиондары еден жуып жүр   

Түркістан облысында «Шардара Армспорт» клубының спортшылары жаттығу залының еденін жуып жүр. Олардың арасында армрестлингтен түрлі додаларда топ жарған әлем чемпиондары да бар. Жаттықтырушылар шәкірттерін осылайша тәрбиелейді екен, деп хабарлайды karasayinfo.kz  желілік басылымы Экспресс К сайтына сілтеме жасап .
Еден жуып жүрген спортшылар туралы армрестлингтен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Мағжан Шәмиев Facebook парақшасында жазды.
«Шардара Армспорт» клубының негізін қалаушы, елімізге Еңбек сіңірген жаттықтырушы Арман Қарсыбаевпен хабарласып, мән-жайды сұрап білді. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері клубта шәкірттер үшін барлық жағдай жасалған деп отыр. Ал еден жуу ішкі тәртіп екенін алға тартты.
«Жапонияда дзюдо спортынан Олимпиада чемпиондары жаттығу залының еденін өздері жуады екен. Ол сондағы тәртіп, тәрбие… Әрине, біздің спорт түрі Олимпиада ойындарына енбеген. Дегенмен кез келген спорт тәртіпті қажет етеді. Кейде әлем чемпионы атанғандар өздерін жоғары ұстап, атақты көтере алмай жатады. Сол үшін қарапайымдылық пен кішіпейілділікті ұмытпасын, елмен бірдей болсын деп спортшыларға еденді аптасына екі рет жудырып тұрамыз. Бұл бізде еден жуушылар жоқ деген сөз емес. Аптаның қалған бес күнінде сол кісілер тазалап шығады. Ал біздің спортшылар өз ортасын таза ұстауға үйренеді», — деді жаттықтырушы Арман Қарсыбаев.
Айта кетейік, Шардара ауданындағы бұл спорт нысанында бүгінде 800 бала жаттығады. Армрестлингтен Қазақстан құрамасының 80 пайызы осы клуб шәкірттері.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях