Биыл Мемлекеттік рәміздеріміздің ресми түрде бекітілгеніне 25 жыл толып отыр. Осыған орай, 4 маусымда еліміздің барлық өңірлерінде айтулы дата жоғары деңгейде аталып өтті. Олар Жетісу өлкесінде де жүйелі жалғасын тауып, оның ішінде Қарасай ауданында да тамаша жүзеге асты. Мысалы, облыс көлеміндегі „Туған жерге туыңды тік!„ атты марафон жетісулық жастардың патриоттық сезімін арттырып, олардың Отандарына деген сүйіспеншіліктерін анық байқатты.
Бұдан бөлек, мән-маңызы зор ауқымды жиындар да өткізіліп, жер-жерде ұлттық нышандарымыздың қадір-қасиеті кеңінен сөз болды. Өскелең ұрпаққа олардың құндылықтары бағамдалып, құрметтеу қажеттігі өсиет етілді. Ал, осындай көп жұмыс республика көлемінде жүзеге асқан акция шеңберінде түйінделді. Яғни, 4 маусым күні, сағат 11:00-де, Қарасай ауданындағы бірқатар мекемелерде бір мезгілде Әнұран ойналды. Осы ізгі іске жеке кәсіпорындар мен қарапайым тұрғындар да өзіндік үлестерін қосты.