Күні кеше ғана Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Президент ретіндегі өкілеттігін тоқтатқаны белгілі. Бұл көпшілігіміз үшін, шынында да, күтпеген жағдай болғанын несіне жасырайын.
Дегенмен, біздің Нұрекең өзіне тән ақыл-парасатымен, кең ойлылығымен, көшбасшылық қасиетімен, алысты болжай білетін көрегендігімен өте батыл шешім қабылдады деп атап айта аламын. Бұл елін ерекше сүйетін, халқын өте құрметтейтін үлкен жүректі адамның ғана қолынан келетін іс!
Жалпы, Президент Назарбаевты бәріміз де ең алдымен Тәуелсіз еліміздің басында тұрған тұғыры биік тұлға ретінде білеміз.
Ол өзі жемісті жетекшілік еткен уақытта Қазақстанды биікке көтеріп, дүниежүзіне танытты, алға апарып дамытты, өсірді, өркендетті, әлемдегі мәртебесін биіктетіп, абыройын асырды. Осы орайда Сарыарқаның сайын даласының нақ төріне апарып орнықтырған елордамыз, бас қаламыз – Астананың бір өзі неге тұрады!
Иә, біздің аса қымбатты Нұрекеңнің өзінің туған халқы үшін істеген істері ерен, атқарған жұмыстары орасан!
Тұңғыш Президентіміз – Елбасының алдағы уақытта да туған елі үшін аянбай еңбек ете беретіні анық.
Назарбаевтың заң жолымен Республика Президенті сайлауына дейін оның міндетін атқаруды Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырғанына да ризамыз.
Едіге ЖҮНІСБЕКОВ,
қоғам қайраткері, Елбасының сыныптасы.