Шымкент қаласындағы кардиоорталық хирургтері 96 жастағы науқастың жүрегіне күрделі ота жасады, – деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы «Otyrar» ақпараттық сайтына сілтеме жасап.
Операциядан кейін денсаулығы жақсарған қарияға қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов келіп, оны мерекесімен құттықтаған.
Жүрегіне ота жасалған майдангер Атажанов Қадыр – ҰОС ардагері. 1942 жылдың аяғында, 17 жасында өз еркімен майданға аттанған сарбаз Батыс Украинада жаяу әскер құрамында соғысқан. Қадыр Атажанов соғыс аяқталған соң да Украинада әскери қызметін жалғастырған. 1948 жылы елге оралған ардагер көп ұзамай теміржолшы болып жұмысқа орналасып, 40 жыл қызмет істеп, абыроймен зейнеткерлікке шыққан.
Қарияны 7 мамырда жедел жәрдем қызметі қалалық жүрек орталығының қабылдау бөліміне жеткізген. 1925 жылы туған науқастың өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер шұғыл түрде электрокардиостимуляторды имплантациялау операциясын жасаған.
Қазіргі уақытта ардагердің жағдайы тұрақты, орталықта емделуді жалғастырып жатыр.