Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (МҚІСЖҚА) төрағасы Алик Шпекбаев № 083, № 086 куәліктерінен бас тартуды ұсынды, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік баслымы kstnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Агенттік төрағасының айтуынша, бұл анықтамалардың еш қажеті жоқ және оны сату заңсыз индустрияға айналып барады.
«Көптеген мәселелер бойынша ескі советтік жүйеге байланып отырмыз, ешкімге керегі жоқ анықтамаларды талап етеміз. Алдыңғы қатарлы елдерде мұның бірі де жоқ. Мәселен, №083, №086 анықтамаларының не қажеті бар деп ойлаған жан бар ма? Көп жағдайда бұл анықтамалар шешімге ықпал етпейді. Абитуриенттің көзі нашар көрсе де, ЖОО-ға ала береді. Есесіне, дәл осы анықтамаларды жасайтын тұтас индустрия бар. Шын керек болған жағдайда бұл құжаттарды электронды түрде қарайтын мүмкіндіктер ашу керек. Басқа қандай құжаттардан арылу керек, баршаңызды ой қосуға шақырамын», – деді ол МҚІСЖҚІА алқасының кеңейтілген отырысында.
Сонымен қатар, МҚІСЖҚА басшысы елімізде электронды мемлекеттік қызмет түрлерін одан әрі жетілдіру қажет екенін айтты.
«Соңғы үш жылда электронды мемлекеттік қызмет саны 48% көбейіп, қағаз жүзіндегі қызметтер бес есеге азайды. Қызмет көрсетудің ыңғайлы және қолжетімді мобильді-цифрлық инфрақұрылымын жасау маңызды», – дейді агенттік төрағасы.