«Шелек фермерлері» – табысты кəсіпкерліктің үлгісі

«Шелек фермерлері» – табысты кəсіпкерліктің үлгісі

Алматы облысында  ауыл шаруашылығы үшін жайлы өңірлер де бар екені белгілі. Соның ішінде Еңбекшіқазақ ауданы Шелек өңірі түрлі көкөніс дақылдарын және жеміс өсірумен танымал. Қазір бұл аймақтың диқандары кооперативке бірігіп, ауыл шаруашылығын ұйымдастырудың жаңа  үрдістерін игеруде алда келеді. Шаруалардың экологиялық таза өнімдері Нұр-Сұлтан, Алматы және басқа қалалардың дүкен сөрелерінде сұранысқа ие. «Еңбекшіқазақ ауданы жергілікті қауымдастықтар қоры»  бірқатар қолға алынған жобалардың аясында жеке фермерлерді тиімді біріктірудің және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің нақты тізбегін құрудың іс жүзіндегі бірегей үлгісі болып отыр, деп хабарлайды naqty.kz  желілік басылымның тілшісі.

«Ауылдық аймақтарды дамыту» кешенді бағдарламасы ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіру мақсатында қолға алынған. «Шелек фермерлері» жобасын 15 жылдан бері «Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қоғамдастықтар қоры» коммерциялық емес ұйымы «Филип Моррис  Қазақстан» ЖШС қолдауымен іске асырып келеді. Жоба жетекшісі, Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қоғамдастықтар қорының директоры Бақытгүл Елшібаева.

Қазіргі уақытта «Шелек фермерлері» кооперативі шаруалар мен ауыл тұрғындарына көкөністерді өсірудің заманауи әдістерін, сондай-ақ маркетинг, логистика және сату негіздерін оқыту есебінен өмір сүру сапасын жақсартуға көмектесуде. 10 жыл ішінде жоба фермерлердің көзқарасын өзгертті, оларға ауыл еңбегінің бизнес екенін ұғындырып, шаруа қожалықтарын тиімді басқаруды үйретті. Соның нәтижесінде  тұтынушыларды сапалы, экологиялық таза көкөністермен қамтамасыз етуге қол жетті.

Жоба жетекшісі Бақытгүл Елшібаеваның айтуынша, фермерлерге жеке-жеке жұмыс істеу тиімсіз, олар өз өнімдерін жеткізудің қажетті көлемі мен тұрақтылығын қамтамасыз ете алмайды және астықты көтерме саудагерлерге төмен бағамен сатуға мәжбүр болады. Ал кооперативке бірігіп, бірыңғай заңды тұлға ретінде әрекет ету нәтижесінде фермерлер бизнес туралы білімдерін жетілдірумен бірге, өз өнімдерін ірі азық-түлік кәсіпорындарына, сауда желілері мен мейрамханаларға жеткізуді жолға қойды. Заманауи агротехнологияларды пайдалануды үйренді.

Ауылдық аймақтардағы табыстың маусымдылығы, жұмыссыздық, өнімді өткізудегі қиындықтар бүкіл аймақтарға тән. Әйтсе де «Шелек фермерлері» жобасы бұл мәселені бірлесіп шешуге болатынын көрсетті.

Ал «Атамекен» ҰКП мамандары  «Шелек фермерлері» жобасы шағын қожалықтарды кооперациялаудың табысты моделіне айналғанын және бүкіл елге  таралуын қолдайды. Қазіргі таңда агробизнес орталығында жұмыс қызып жатыр. Ендігі міндет – биотехнологиялар және органикалық өнім өндіруді жетік меңгеру. Шаруаларға күн панельдері, жаңа жылыжайлар, тамшылатып суару секілді биотехнологиялар насихатталуда. Кооператив Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау ғылыми-зерттеу институтымен ынтымақтастықта жұмыс істейді. Ғалымдар егіс даласын биологиялық препараттармен қорғауға көмектеседі, зиянкестермен күресті үйретеді. Ғылыммен ынтымақтастықтың нәтижесі қомақты:  2015 жылы 89 тонна көкөніс өндірілсе, 2019 жылы 230 тонна өндірілген.

Осылайша, «Шелек фермерлері» кооперативі облыстың агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына үлкен үлес қосуда. Бұның бәрі ауыл өмірін жақсартуға, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және жастардың тұрақтап қалуына ықпал етері сөзсіз.

Сонымен қатар, аталған қоғамдық қордың ұйытқы болуымен биылдан бастап «Жасыл мектеп»  атауымен елордада экологиялық жоба жүзеге асырыла бастады. Оның аясында, мектептердің аумағына жылыжайлар салады. Оқушыларды бау-бақша егумен жақын таныстырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосады. «Жасыл мектеп» жобасы былтыр Алматыдан бастау алды. Оның аясында 16 бірдей жылыжай қолданысқа берілген еді. Енді осы қарқынмен Нұр-Сұлтан қаласында 20-сын салу жоспарлап отыр. Жылыжайдағы бақша өнімдерін баптайтын бағбандар емес, оқушылар. Эко-жоба балаларға табиғатты қорғауды ғана насихаттамай, өсімдікті өсіріп, өнім алу жолдарын теориялық-тәжірибелік тұрғыда үйретеді.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях