Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінің қарсаңында аудандық «Үшқоңыр» спорт мектебінде еркін күрестен «Ushqonyr open» Алматы облыстық ашық турнирі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Жас балуандардың жарысы облыстық деңгейде өтіп жатқанымен, бұл сайысқа арнайы қатысуға ниеттенген спортшылардың саны жетерлік. Оның ішінде Қарақалпақстан, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты көрші мемлекеттерден келген жасөспірімдер де бар. Одан бөлек, Алматы, Жамбыл облыстарынан және көршілес Жамбыл мен біздің ауданның балуандары бақ сынауда.
Күні кеше жеребе тастау рәсімі өтіп, бүгін кіл мықтылар боз кілемде белдесуін бастап кетті.
Ойынға кәсіби төрешілер қазылық етуде. Жарыстың ертең де жалғастанын ескере отырып, 700-ге жуық спортшы қатысып жатқан турнирдің командалық жеңімпазын дөп басу әлі ерте. Дегенмен сайыстың алғашқы күнінен-ақ шыныққан күрескерлер өздерінің білекті екендіктерін танытуда.