Үшқоңырдағы «ұшқыштар»…

Sorry, this entry is only available in Орыс Тілі.

Халықаралық сарапшылардың пікірінше туризм әлемдік экономикадағы дамуы төмендемейтін бағыттың біріне жатады екен. Ол көп елдерде жалпы ішкі өнімнің қалыптасуына, қосымша жұмыс орнын құруға және сыртқы сауда балансының белсенділігіне ықпал етіп, соңғы жылдары әлемдегі ең табысты бизнестің көзі болып табылады. Қазақстан да бай туристік әлеуетке ие бола отырып, қазіргі кезде елімізде осы саланың көптеген түрлері дамып келеді. Солардың бірі ретінде  экстремалды туризм бағытындағы, Қарасай ауданының мақтанышы болып танылған, өзіміз барып көзбен көріп қайтқан Үшқоңыр тау үстіртінен ұшуды ұйымдастыратын «Airtengri» дельтапланеризм және «FlyFlot» парапланеризм клубтарын атап айтуға болады.

Жалпы, аты аңызға айналып кеткен туған мекеніміздегі әйгілі Үшқоңыр тауына қызықпайтын адам баласы жоқ шығар. Мәселен, Елбасымыздың ата-анасы өз заманында осы жерді құтты қонысына айналдырып, арттарына жарқын із қалдырғанын тарих тарауларынан жақсы білеміз. Сол бір дәуірден бүгінгі күнге дейін халықтың ынтымағы мен ырысты берекесіне айналған осы жерді кинолардан, телеарналардан көріп, күнделікті басылымдардан оқып, қандай жаңалықтардың болып жатқанынан хабардар бола түсеміз.

Ал, жоғарыда аталған клубтар жайында айтар болсақ, олар Үшқоңырда бірлесіп, шамамен 6-7 жылдан бері келушілерді  көкке ұшырумен айналысады екен. «Дельтаплан» дегеніміз найза іспеттес қанаттан жасалған ұшақ болса, ал, «параплан» парашют сынды, бірақ, ұшақтан секіретін емес, жер бетінен, биік таулардан желдің көмегімен ауаға көтерілетін құрылғы. Жалпы, Үшқоңыр тау үстіртіндегі алғашқы дельтапланмен ұшулар 1982 жылдан  басталған және 1985 жылы осы жерде «Дельтапланеризм» эстремалды спорт түрі бойынша КСРО чемпионаты өткен екен. Ал, осы аймақта парапланеризмнің іргетасы 1960 жылдардан бастап қаланған. «FlyFlot» парапланеризм клубының жетекшісі Дмитрий Гридасов өз сөзінде Үшқоңырды осы екі экстремалды спорт түрлерінің дамуына арналған және жоғары таулар мен тұрақты самалы есіп тұратын, биіктіктен ләззат алып тамашалайтын әдемі табиғаты бар орын екенін алға тартты.

–  Ия, мұндай табиғаты бар жерлер өте кем. Сондықтан да болар бұл жерге ұшуға келетіндердің де қарасы қазір көбейген. Біз тандем түріндегі ұшу қызметін ұсынамыз,  оған нұсқаушы-ұшқыштар арнайы үйретеді. Тандем түріндегі парапланда ұшу ақысы 12 000 теңге, ал, дельтапланда қалықтау қызметі 17000 теңге тұрады. Бір реткі таныстырылым ұшуын жасауға көп уақыт кетпейді, жаңадан келгендер үшін 10-15 минут та жеткілікті. Алғашқы рет көкке көтерілгенде көп адамның басы айналады, мұндай жағдай жиі болып тұрады. Ал қазір бізде Алматыда арнайы мектеп бар. Бізге оқуға келген адамдардың көбі үйлеріне кеш қайтады, себебі осы жерде ұшып жаттыққысы келеді. Ұшуға баулу үшін апталар, айлар, тіпті бір жыл уақыт кетуі мүмкін. Қажетті білім негізін қалыптастырған адам ғана парапланды басқару шеберлігін арттыруға жолдама алады, – деген Дмитрий көп ақпарат берді. Ал, «Airtengri» дельтапланеризм клубының жетекшісі Игорь Степанов өз бағытының жай-жапсарын былайша әңгімеледі:

– Бұл спорттың түрі тек туристерді ғана емес, қарапайым адамдарды да қатты қызықтыра бастады. Кейінгі кездері келушілер қатары көбейе түсті. Аспан төрінен жерге қалықтап түсудің денсаулығы жағынан кімге болса да тигізер пайдасы зор. Мұнда ТМД елдерінен ғана емес, шетелдерден келіп жатқан туристер бізге ұшудан алған сәттеріндегі сүйіспеншілік сезімдері мен жылы лебіздерін ерекше мақтанышпен айтады.

Шындығында да Үшқоңырдағы «ұшқыштар» тірлігінің тынысы қызығарлық әрі құптарлық іс. Аспан төрінде қалықтау – әрбір жанның арманының бірі  шығар. Сондай мүмкіндікті осы клубтар ұсынады. Оны біз де пайдалануды жөн көрдік. Қауіпсіздік белдігін тағып, ұшуға дайындалар мезет, ұмытылмастай әсер қалдырады. Барлық денеңнің қалтырағанын баса алмай, бойынды қорқыныш билегенде, көкке самғаудан бас тартсам ба деген де ойларда туындайды. Бірақ, оның барлығы аспанға көтерілгенге дейін екен. Ал, бір самғап көрген адамның бұл экстремалды тағы қайталағысы келетіні де рас. Аспан кеңістігінде адам еркіндікті сондай терең сезінетін тәрізді. Еркін самғайтын құстар әлемінің өмірі көз алдыңызға елестеп тұрады. Сондықтан да Үшқоңыр «ұшқыштарының» қатары күн санап көбейіп келеді. Бұл туризм мен спортқа деген сұраныстың айқын бір көрінісі.

Бақдәулет ТАЛИПОВ.

Суреттерді түсірген Ерлан ӘлиасҚаров.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях