Сенаторлар тарихи-мәдени орындарды аралады

Сенаторлар тарихи-мәдени орындарды аралады

Бүгін Қарасай ауданына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаттының депутаттары Динара Нүкетаева, Нұртөре Жүсіп және Сұлтанбек Мәкежанов келіп, бірқатар тарихи-мәдени орындарды аралады, деп хабарлайды  karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

Елордадан келген меймандарды аудандық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Айнабеков қарсы алды. Алдыңғы кезекте депутаттар бірінші кезекте Шамалған ауылындағы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығына ат басын тіреді. Мұнда олар Елбасының өмір жолы мен қызметінен тағылымды сыр шертетін, балалық шағынан егемен елдің Көшбасшысына айналуына дейінгі жүріп өткен сара жолын айғақтайтын кітаптар мен экспонаттарды тамашалады.

Мұнан соң депутаттар табиғаты таңғажайып Үшқоңыр үстіртінің етегінде орналасқан «Nomad» этноауыл ұлттық-мәдени кешеніне барды.
Жалпы, мұнда орталық қызметкерлері сақ, ғұн, үйсін, түркі, түркі-моңғол және қазақ халықтарының ежелден келе жатқан әскери тәсілдерін және киім үлгілерін арнайы дайындалған түпнұсқалары арқылы бейнелеп көрсетеді. Бір ерекшелігі, бұл жәдігерлерді тамашалап қана қоймай, олар жайлы мол мағлұмат алып, тарихын, артықшылығын жақсылап білуге болады екен. Онда халық қалаулыларын осы орталықтың қызметкері, тарихшы-археолог Станислав Потапов батыр бабаларымыз шайқаста қолданған адырна, айбалта, аймауыт, алдаспан, алмас қылыш, ақберен, атпа найза, аша, бадана, бесқару, бұйда пышақ, гүрзі, дулыға, жебе, жеке ауыз, зұлпықар, көбе және тағы басқа сынды құрал-саймандар жайлы қызықты ақпараттармен бөлісті.  Осы сынды көптеген құрал-саймандардың әрқайсысына этноорталықтың қызметкері нақты тоқталып, депутаттарға жақсылап түсіндірді. Бұған қоса оларға оны қолға ұстап, сауыттарын киіп көруге де рұқсат берілді. Мұндай мүмкіндікке ие болған елордадан келген меймандар бұл жағдайды қуана пайдаланып, бір сәтке болса да батырлардың бейнесіне енді.  «Nomad» орталығының өкілі Серік Бакишевтің айтуынша, бұл тарихи орталықтың негізгі мақсаты да осы екен. Яғни, ата-бабамыз қолданған дүниелердің, жәдігерлердің жасанды, бірақ, нағыз түпнұсқаларына ұқсастарын келушілерге ұсынып, қолдарына ұстап көруіне және оны киіп көруіне жағдай жасау екен. Сенаторлар Қарасай ауданындағы тарихи-мәдени орындарды аралап шыққан соң, оларға өздерінің ұсынтарын білдіріп, алдағы уақытта осы сынды орталықтар мен кешендер көптеп ашылса деген тілектерін білдірді.

 

 

 

 

 

 

 

 

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях