Таяуда ғана жария етілген Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа арналған үндеуі бүгінде қоғамда қызу талқыланып, кең көлемде насихатталуда. Кеше ауданымызға Қазақстан Республикасы Парламенті сенатының депутаттары Аңсар Мұсаханов және Нұрлан Қылышбаев жұмыс сапарымен арнайы келіп, қарасайлықтарға аталған бастаманың мән-маңызын түсіндірді.
Бас қосуды аудан әкімі Махаббат Бигелдиев ашып, жүргізіп, «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиясқар Сарыбаев қатысып отырды. Сонымен қатар, жиынға аудан активі, қоғамдық ұйымдар, кәсіподақ комитеттерінің өкілдері, кәсіпкерлер мен банк қызметкерлері шақырылды.
Алдымен сенатор Аңсар Тұрсынханұлы сөз алып, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» айтылған «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» жайына тоқталды. Елбасы бұл бастама аясында қазір қазақстандық жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам жас оқып жатқанын, олардың 30 процентке жуығы мемлекет бөлген грантпен білім алатынын тілге тиек етіп, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін бірқатар тапсырмалар белгілеген болатын. Соған сай, А.Мұсаханов қазір елімізде ауылшаруашылығы саласының мамандары, технологтар жетіспейтіндігін мәлімдеп, мектеп қабырғасында түлектерге дұрыс бағыт-бағдар берілуі керектігін әңгіме арқауына айналдырды. Сонымен қатар, төртінші бастама «Шағын несие беруді көбейту» туралы да түсініктеме беріп өтті. Бұл ретте де асыраушы салаға жақсы көңіл бөліп, ата кәсіпті дөңгелетем деген кәсіпкерлер елеусіз қалмағаны жөн екенін жеткізді.
Келесі кезекте ортаға шыққан ҚР Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Наурызұлы Елбасы айтқан ең бірінші бастама – «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» мәселесіне тоқталды. Қазіргі таңда жеке шаңырағына ие болуды армандап жүрген жас отбасылардың аз емес екендігін алға тартқан сенатор «7-20-25» бағдарламасының маңыздылығын жан-жақты әңгімеледі.
Күн тәртібіндегі мәселені талқылау барысында аудандық қоғамдық кеңес төрағасы С.Мәсімақынов қарасайлықтар алда да жұдырықтай жұмылып Президенттің бес бастамасын жүзеге асыруға барын салатынын жеткізсе, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Алматы облыстық филиалының №1 қызмет көрсету орталығының басшысы Бауыржан Ботабаев азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында бүгінде бірқатар жобалар жүзеге асып жатқандығын нақты дерек-дәйектер арқылы сөз етті. Ал, жоғарыда айтылған «7-20-25» бағдарламасы бойынша банк бірқатар ұсыныстар ұсынып отырған көрінеді. Атап айтқанда, біріншіден – бастапқы жарнаны төмендету, ең алдымен «Нұрлы жер» бағдарламасының қатысушылары үшін, екіншіден – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысушылардың заем өтеу мерзімін ұзарту, үшіншіден – «Баспана.кз» интернет-порталы арқылы бизнес-процедураларды жетілдіру және қызмет түрлерін автоматтандыру.
Жиналысты аудан әкімі Махаббат Садуақасұлы қорытындылап, мұндай кездесудердің қарасайлықтарға берері мол екендігін айтып, Елбасының жерлестері де бұл бес бастаманың жақсы жүзеге асуына күш салатынын жеткізді.
Жүздесуден соң сенаторлар Шамалған ауылында былтыр жаңадан ашылған «Атамекен» тарихи-мәдени орталығына барып, аралап көрді. Орталыққа жұмысына жақсы бағаларын беріп, тілек кітабына жылы лебіздерін білдіріп, қолтаңбаларын қалдырды.