Көктем мезгілі басталғалы еліміздің бірқатар аймақтарында су тасқындары орын алған еді. Осындай жағдай Алматы облысында да болмауы үшін бүгінде өңірдегі су шаруашылығы нысандары қатаң бақылауда. Күні кеше Алматы облысына сапары барысында Парламенті Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев бірқатар жаңғырту жұмыстарымен және гидротехникалық құрылыстардың жағдайымен танысып өтті, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Сапарда сенатормен бірге Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Аяшев, облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаев және Алматы облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының «Алматыоблводхоз» КМК-ның басшысы Бауыржан Ойшынов болды.
Айта кетейік, сенатор Жанболат Жөргенбаев бұған дейінде облыстағы стратегиялық су нысандарын аралаған еді. Өткен жылы сенатор облыстағы ауыл шаруашылығындағы ирригациялық жүйелер мәселесіне тоқталып, шаруаларға жағдай жасау мәселесін жан-жақты пысықтап, атқарушы билік органдарымен бірлесе отырып түйткілді мәселелерді шешу жолдарын қарастыру қажеттігін айтқан еді.
Алдымен Еңбекшіқазақ ауданындағы Бартоғай су қоймасына келген делегация мүшелерін аудан әкімі Талғат Байеділов, аудандық мәслихаттың төрағасы Бекет Ахметов және «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның «Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы Каналы» филиалының басшысы Мейрам Арыстанов қарсы алды.
«Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы Каналы» филиалының басшысының айтуынша, Бартоғай су қоймасы 40-жылдан астам жұмыс істеп тұр. Оның жалпы сыйымдылығы 320 миллион текше метрді құрайды. Бұрындары Алматы облысындағы алты суармалы егістікті сумен қамтасыз еткен. Қазіргі уақытта өңірдегі Еңбекшіқазақ пен Талғар аудандарының ғана диқанды жерін суаруда. Алайда, олар да бүгінде стратегиялық ресурсқа айналған су тапшылығын сезінуде.
– Биыл 25 сәуірде суды Үлкен Алматы каналына жеткізуді бастауды жоспарлап отырмыз. Вегетациялық кезең асқынусыз өтеді деп сенеміз. Дегенмен, су қоймасына түсетін судың қоры жылдан жылға азайып барады. Оның күрделі жөндеуден өтуінен үлкен үміт күтеміз. Қайта құрудың жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Мұнда бөгетті нығайту және автоматтандырылған ескерту жүйелері мен басқару қақпаларын орнату жұмыстарын жүргізу қажет.
Үлкен Алматы каналының әсер ету аймағы шамамен 170 шақырымды құрайды. Оған жүздеген шаруа қожалықтары тәуелді. Бірақ каналдың салынғанына 40 жылдан астам уақыт болды, содан бері оны қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмеген. Нысанда су сүзгіден өтетін апатты аймақтар бар. Шлюздер механикалық түрде басқарылады. Сонымен қатар, қазіргі заманғы суды есепке алу жүйесі жоқ. Осының барлығы орасан зор шығынға әкеліп соғады: тасымалдау шығындары өседі, суармалы жерлер толық игерілмейді. Канал жобалық қуатының жартысына дейін жұмыс істейді, –дейді Мейрам Арыстанов.
Бартоғай су қоймасын суландыратын Үлкен Алматы каналы өңірдегі ең ірі инфрақұрылымдық нысан және оның азық-түлік белдеуінің негізі екені анық. Мұнда жүздеген шаруашылықтар шоғырланған. Бұл стратегиялық су ресурсын күрделі жөндеу қажет дегенді білдіреді. 41 жыл бойы 300 миллион текше метрден астам су сыйатын бөгет бірде-бір рет толық жөндеуден өтпеген.
Өз кезегінде су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Аяшев су шаруашылығындағы құрылымдар мен тарифтерді жүйелеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бартоғай су қоймасын күрделі жөндеуден өткізуге шамамен 3,5 млрд теңге, ал Қазақстанның барлық су қоймаларын жөндеу және қайта жаңартуға шамамен 2-3 трлн теңге қажет етеді.
Нысанның негізгі құрылымдары: автоматты су төгетін құбырлар, конустық қақпалар, дренаждардың жағдайын қараай келе, Жанболат Жөргенбаев Алматы облысының маңызды су артериясының техникалық жағдайы сын көтермейтінің айтып, алдағы уақытта қайғылы жағдайдың алдын алу үшін дереу араласу қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар бұл нысан Алматы облысы мен Алматы қаласының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өте маңызды, сондықтан арнаны толық реконструкциялауды, автоматтандыруды және цифрландыруды бастау үшін қажетті құжаттарды қабылдауды жеделдету қажет екенін де сөз етті.
– Мен өз тарапымнан бұл мәселелерді Парламент пен Сенат деңгейінде шешуге бастамашы боламын. Бірақ облыс әкімдіктеріне де бұл мәселеге назар аударған жөн, егіс алқаптарын ылғалмен қамтамасыз етудің басқа да өзекті мәселелерін оңтайлы шешу үшін аудандық және облыстық мәслихаттар тарапынан депутаттық сауал дайындалуы керек, – деді сенатор.
Іс-сапар барысында Жанболат Жөргенбаев Іле ауданында да болып, наурыз айында бөгеті бұзылған Ворошилов су қоймасының жағдайымен танысты.
Сенатор 1910 жылы салынған бұл қойманың гидротехникалық құрылыс өте ескі және толық қайта құруды қажет ететіндігін айтып, жобалау институты өз қорытындысы мен техникалық негіздемесін бергеннен кейін осы құжаттар негізінде гидротехникалық құрылысты толық қалпына келтіру үшін қажетті шаралар қабылданатындығын жеткізді. Әркезде оқыс оқиғаның салдарымен емес, себептерімен күресіп, алдын алуға тырысу маңызды екенін атап өтті.
Сапарының соныңда Жөргенбаев тексерістер нәтижесінде тиісті ведомстволарға, министрлікке және министрлер кабинетінің басшысына гидротехникалық құрылыс бойынша қандай жұмыстарды атқару керек екеін және де ол жұмыстарға қанша қаражат керек екенін бойынша ұсыныстар берілгендігін мәлімдеді.