Аудан бойынша салықтан жалтарғандардың көліктері айып тұрағына жөнелтілді, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.
Қазіргі таңда еліміз бойынша көлік салығына борышкерлердің мәселесі ең өзекті болып тұр. Мұндай жағдай біздің ауданда да кездесетінін айта кеткен жөн. Мәселен, соңғы уақытта салықтан жалтарғандардың көліктері толықтай тәркіленіп, айып тұрағына қойылуда.
Кеше аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Ғани Малыбаев бастаған бірқатар мамандар мен жеке сот орындаушылар арнайы рейд ұйымдастырып, салық төлеуден жалтарған азаматтардың үйлерін аралады. Екі тараптың бірлескен жұмысы барысында аудан бойынша екі автокөлік тәркіленіп, айып тұрағына жөнелтілді. Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Ғани Айтқұлұлының айтуынша, аталған азаматтар 3-4 жыл көлемінде салықтан жалтарып жүрген, енді олардың ісі сотта қаралады.
[su_custom_gallery source=»media: 12799,12795″ link=»lightbox» width=»150″ height=»150″ title=»never»]
Негізінде, біздің аудан бойынша осы уақытқа дейін 14 мыңға жуық көлік иелері салыққа салғырттық танытса, олардың жалпы берешегі 361 млн 689 мың теңгеге дейін жеткен. Ал, өз кезегінде жеке сот орындаушылар тарапы бұл азаматтардың барлығы өз уақытында мемлекетке қарызын қайтармаса, заң бойынша сот алдында жауап беретінін алға тартып отыр.
[su_custom_gallery source=»media: 12798″ link=»lightbox» width=»150″ height=»150″ title=»never»]
– Тұрғындар көлік салығына келгенде жауапсыздық танытып жатады. Біз оларға талай рет ескерту де жасап келеміз. Нәтиже болмағандықтан, осылайша үй-үйлерін аралап, айып тұрағына жөнелтеміз. Осы ретте, барлық борышкерлерге айтарымыз, салықты уақытымен төлесе екен дейміз. Жағдай ушыққанда олардың банктегі есепшоттары бұғатталумен қатар, қарызы көптердің шетелге шығу мүмкіндіктері де болмайды, – деді Дамира Абенова Алматы облысы жеке сот орындаушылар өңірлік палатасы басшысының орынбасары.
Рейдті ұйымдастырушы тараптың мәлімдеуінше, әлі де осындай жұмыстар аудан көлемінде жалғасады. Сондықтан олар салықты дер кезінде төлеп, жағдайды қиындатпауға шақырады.