Ұлы Отан соғысының аяқталғанына биыл – 79 жыл. Майдан даласының оты өшіп, Жеңістің жалауы желбіреген бұл сәт ел тарихы үшін маңызы зор. Айтулы күнге тағзым ету мақсатында бүгін Қарасай ауданының орталығы – Қаскелең қаласында Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Жеңіс күнін ұлықтау шарасына Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов арнайы қатысты. Сондай-ақ майдангерлерді еске алу үшін мемлекеттік қызметшілер, аудандық мәслихаттың депутаттары және басқа да мекеменің өкілдері мен қарасайлықтар Мәңгілік алаудың айналасына жиналды.
Шарада алдымен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, бір минут үнсіздік жарияланды. Одан кейін аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы жерлестерді Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, соғыс даласындағы батырлардың ерліктерін айтып, Мәңгілік алауға гүл шоғын қойды. Бұл рәсімге басқалары да қатысып, Жеңіс күніне тағзым етті.
Айтулы шарадан соң аудан әкімі Ж.Естенов Ұлы Отан соғысының ардагері Ақылбай Бұлғақбаевтың жесірі, тыл еңбеккері, 40 жылдан астам білім саласында еңбек еткен Сәлима Бұлғақбаеваның үйіне барып, ардагер-ұстазға құрмет көрсетті. Мерекеге құтты болсын айтып, саулығын тілеп, батасын алды.