Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев Еңбекшіқазақ ауданына жасаған жұмыс сапарымен келді. Оның барысында кеңесшісі Шелек ауылының ардагерлерімен, дін қызметкерлері және жастармен кездесіп, аудандағы мәселелерді талқылады, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Іс-сапар барысында Мәлік Нұржанұлы ең алдымен Шелек өлкетану мұражайына арнайы кіріп, өңірдің өткенімен танысты. Мұндағы жәдігерлерді көзбен көрген Президент кеңесшісі музей қорының мол екендігін айтып, алдағы уақытта музей кызметін жетілдіру керектігін сөз етті.
Келесі қадамда Мәлік Нұржанұлы Шелек өңірінің ардагерлерімен кездесті. Жиында көптеген жылдар бойы еңбек етіп, бүгінде зейнетке шығып, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып жүрген ел ағалары ауданда атқарылған әр іске ақылын айтып, бағасын беріп, өздерің толғандырған мәселелерді ортаға салды. Сондай-ақ Президент кеңесшісіне кей ауылдарда әлеуметтік нысандар бой көтерсе, елдімекендерде жұмыс орны ашылса деген өтініштерін жеткізді. Өз кезегінде Мәлік Нұржанұлы ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласып, түрлі салада еңбек етіп, үлгі өнеге болып жүрген ардагерлер қауымына алғысын жеткізді. Сонымен қоса, кездесуде Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының ауқымды реформалары және Ұлттық құрылтайдағы жан-жақты идеялар мен бастамалары туралы да сөз қозғады.
Бұған қоса Мәлік Нұржанұлы Шелек өңіріндегі сапарында дін қызметкерлерін де назардан тыс қалдырмай, олармен Шелек ауылдық округінің кітапханасында кездесті. Аудан басшысы Т.Байеділов жүргізген жиында өзекті мәселелер көтеріліп, оның ішінде өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік бағытында тәрбиелеуді, зерделеу және әртүрлі пәндерді оқыту арқылы мәдениетті тәрбиелеуді секілді тақырыптар талқыланды.
Сапар соңында Мәлік Отарбаев Шелек политехникалық колледжінде өңір жастарымен кездесті. Жиында сөз тізгінін алған Президентінің Кеңесшісі жастарға заман талабынан туындаған қажеттіліктер мен ұлттық құндылықтың басымдығы, жаһанданудың ықпалы мен ұлттық тәрбиенің өзегін ажыратудың маңыздылығы, дұрыс әрі құнды мақсат қоюдың жастарды кәсіби тұрғыдан өсіретінін жіліктеп түсіндіріп берді. Әр адамның басты бағдаршамы кітап болу керектігін баса айтқан Президент кеңесшісі елімізде өткізіліп жатқан саяси науқанға еліміздің жастары да өз үлестерін қосу керектігін түсіндірді.
– «Кім болашаққа сеніммен қараса, соның болашағы жарқын. Ал кім күмәнмен қараса, оның өмірі де күмәнді, ала-құла күйде өтеді. Сондықтан, келешекке сеніммен қараңыздар», – деген Мәлік Нұржанұлы жас ұрпақтың көздеген мұраты асыл, мақсаты биік болуы керектігін алға тартты.
Өз кезегінде жастар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, ой-пікірлерімен бөлісті.