Президент Құрбан айт мерекесінде құрбандық шалатын жерлерде жаппай жиналуды болдырмау керегін айтты, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.
Мұсылмандық мерекеге қатысты басқа да ақпараттар мен тиісті тапсырмаларды Мемлекет басшысы бүгінгі өтіп жатқан еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңесі барысында түсіндірді.
«Ертең бүкіл мұсылман қауымы үшін қасиетті Құрбан айт мерекесі басталады. Елде күрделі ахуал қалыптасып отыр. Сондықтан біз жұрттың құрбандық шалатын жерлерде жаппай жиналуын болдырмауымыз керек.
Жағдайды одан бетер ушықтырып алуымыз мүмкін. Үкімет пен әкімдер осы мәселені ерекше бақылауда ұстауға тиіс. Құрбан айтта инфекциялық қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ету қажет.
Еліміздің әр азаматына айтарым: денсаулықты сақтаңыздар, туған-туыстың, отбасының амандығын ойлаңыздар! Ал, Үкімет пен өңір басшылары белгіленген міндеттердің бәрін мінсіз атқаруы тиіс», – деді Тоқаев.
Еске салайық, биыл Құрбан айт мерекесі 20-22 шілде аралығында өтеді. Осыған байланысты қазақстандықтар Құрбан айттың бірінші күні – 20 шілдеде демалады.
Биыл құрбан шалу рәсімі екі жолмен іске асырылады:
Біріншіден: Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау орындары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханаларда санитарлық ережелерді сақтай отырып «сары» және «жасыл» аймақтарда офлайн форматта өткізіледі.
Екіншіден: «Қызыл» аймақтағы жерлерде пандемия жағдайында құрбан шалушыға қолайлы жағдай жасау және көмекке мұқтаж жандарды қолдау мақсатында өткен жылдағы тәжірибені қолданып, qurban2021.kz сайта арқылы тек онлайн режимде жүзеге асатын болады.