1992 жылғы 7 мамырда мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Дәл осы күні еліміздің аумағындағы КСРО Қарулы Күштерінің құрамындағы мекемелер, бөлімдер, құрамалар Қазақстан Республикасының құзыретіне берілген еді. Осыған орай, аталмыш дата ел аумағында «Отан қорғаушылар күні» болып тойланатын болды.
Кеше осы айтулы күн мен Қазақстан Қарулы Күштеріне 25 жыл толуына орай, Шамалған бекетінде орналасқан 11567 әскери бөлімінде, жылдағыдай, мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Онда жиналғандарды аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әмина Абдраманова құттықтап, ел аумағындағы армиялардың айбынын асқақтататын сардарлар мен сарбаздарымызға қандай құрмет көрсетсе де жарасатынын айтып, зор денсаулық, қажымас қайрат, жанұяларына бақыт пен шаттық тіледі. Сонымен қатар, жұмысын абыроймен атқарып жүрген қызметкерлеріне алғысын айтқан осы әскери бөлімнің басшысы, полковник Жанат Нұракашев, барлығына жақсы ізгі ниетін білдірді. Бұдан бөлек, аудандық мәдениет бөлімінің өнерпаздары оларға әдемі ән-шашуларын сыйлап, тамаша өнерлерін тарту етті.