Биыл Құрбан айт мерекесі 20-22 шілде аралығында өтеді. Осыған байланысты қазақстандықтар Құрбан айттың бірінші күні – 20 шілдеде демалады. Коронавирус пандемиясына байланысты мерекені тойлауда шектеулер жоқ емес. Бұл туралы Tengrinews.kz сайтының тілшісі, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы.
- Биыл құрбан шалу рәсімі екі жолмен іске асырылады:
Біріншіден: Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау орындары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханаларда санитарлық ережелерді сақтай отырып «сары» және «жасыл» аймақтарда офлайн форматта өткізіледі.
Екіншіден: «Қызыл» аймақтағы жерлерде пандемия жағдайында құрбан шалушыға қолайлы жағдай жасау және көмекке мұқтаж жандарды қолдау мақсатында өткен жылдағы тәжірибені қолданып, qurban2021.kz сайта арқылы тек онлайн режимде жүзеге асатын болады.
- Сайт арқылы қалай тапсырыс беруге болады?
Сайт 15 шілдеден бастап іске қосылды. qurban2021.kz 22 шілдеге дейін жұмыс істейді. Құрбан шалуға ниет еткендер сол аралықта тапсырыс бере алады. Ал мұқтаж отбасылар құрбандық етін алу үшін 17 шілдеден бастап сайт арқылы өтініш білдіре алады.
- Сайтта үш негізгі таңдау бар:
Құрбандық малын шалу үшін тапсырыс беру: бұл жерде тапсырыс беруші өңірді таңдап, қажет анкеталық мәліметті толтырады
Құрбандық етін алу үшін өтініш қалдыру (мұқтаж жандар үшін): бұл функция 17 шілдеден бастап қосылады
Құрбандық шалынғандығы туралы мәлімет: бұл фунция арқылы тапсырыс берген адам мәлімет ала алады
- Онлайн құрбан шалу деген не? Ол қалай өтеді?
ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Оңғар Ершаттың сөзінше, былтыр онлайн құрбан шалудың есебі WhatsApp арқылы суретін, қажет жағдайда бейнежазба жіберіп отырған. Бейнежазбада мал кімнің атынан шалынып жатқаны да атап өтілген. Биыл да онлайн тапсырыс берілген құрбандықтың шалыну барысын сайт арқылы қадағалауға болады.
- Ал офлайн формат деген не?
Биыл құрбан шалынатын арнайы орындарда Ashyq қосымшасы іске қосылатын болады. Тағы да айта кетейік, офлайн формат «сары» және «жасыл» аймақтағы өңірлерде өтеді. Ал қосымшада «қызыл» және «сары» статус көрсетілген азаматтар құрбандық шалу орындарына жіберілмейді. Офлайн форматта да шектеу жоқ емес: адамдардың бәрі бір уақытта бармауы үшін келушілердің арнайы тізімі жасалып, оларға талон берілгеннен кейін ғана құрбандық шалады. Әр адамға бір сағат уақыт беріледі.
- Офлайн форматта құрбандық шалатын адамға қандай талап қойылады?
Қасапханаға міндетті түрде маска тағып келу
Антисептик зат пайдалану
Арақашықтықты сақтау
Өзге адамдармен қол алыспау
Дене қызуы 37 градус болса, тұмау және басқа да ауру белгілері бар болса келмеуі керек
Жасы 65-тен асқан, балалар мен әйелдердің құрбандық орнына келмеу сұралды.
- Құрбандыққа шалынған етті жеткізумен кім айналысады?
Мұқтаж жандарға етті жеткізіп беру жұмыстарымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жергілікті өкілдері және еріктілер айналысады. Құрбан еттерін жағдайы төмен отбасылар, жетімдер, қарттар үйі мен әлеуметтік жағдайы төмен топтарға таратылады. Бәрі тегін жеткізіледі.
- Ауыл тұрғындары қалай құрбандық шалады?
ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы ОКҚ алаңында өткен брифингте ауылдық жерде, жеке тұрғын үйде тұратын әр адамның мұсылмандық міндетін атқаруына ҚМДБ тарапынан ешқандай шектеу жоғын мәлімдеді.
- Өңірлерде Құрбан айтқа байланысты қандай қаулы қабылданды?
Әзірше тек үш өңір: Алматы қаласы мен Қызылорда және Атырау облыстарының бас дәрігерлері қаулы қабылдады. Соның ішінде, үш өңірде жеке үй иеліктері мен медрелесерде адам көп жиналатын іс-шараларды (оның ішінде айт намазы) өткізуге, қала аумағында мал сою цехтері мен базарлар жұмысына, мал союға тыйым салынды және Алматыға кіреберісте қала аумағына жануарларды әкелуге жол бермеу және жолын кесу жөніндегі бекеттер ұйымдастырылады. Үш өңірде де құрбандық шалу онлайн режимде өтеді.