Еліміздің Президентін сайлау науқанына біраз күн ғана қалды. Осы ретте әр кандидаттың үгіт-насихат жұмыстары белсенді өтуде. Бүгін облыстық және аудандық қоғамдық штабының мүшелері Қарасай ауданындағы ең ірі сауда орны – «Алтын Орда» базарының қызметкерлерімен және сатушыларымен кездесіп, оларды сайлауға белсенді қатысуға шақырды, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Базардың ескі әкімшілігінде өткен шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілдері «Адам мелекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген ұстанымды алға тартып отырған Президентке үміткердің сайлауалды тұғырнамасын таныстырып, негізгі бағыттарын түсіндіріп өтті. Жиналғандардың бәрі дерлік ата-ана болғандықтан, кандидаттың бағдарламасындағы адамдардың құқықтарын қорғау, әсіресе, ел болашағы – жастарға көрсетілетін қолдау мен оларға жасалатын басымдықтар туралы айтып берді. Кездесу соңында штаб мүшелері базар ұжымын Қазақстанның жарқын болашағы үшін дұрыс таңдау жасап, сайлау науқанына белсене қатысуға шақырды.
Кездесу аяқталғаннан кейін ауданымыздың Жастар ресурстық орталығының белсенділері базардың ішімен павильонды аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, сайлау науқаны мен үміткердің бағдарламасы жайлы ақпарат жазылған парақшалар таратты.