Қаскелең бойынша және аталған қала мен Исаев арасында қатынайтын автобустар жаңартылды. Ағымдағы жылдың 19 наурызынан бастап №1, №2А және №9 бағыттарда жүретін қоғамдық көліктер жаңа үлгіде жолаушыларға қызмет көрсетуде, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Автобустар жолға шықпастан бұрын олардың жағдайын Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов арнайы барып көрді. Аудан басшысы жүргізушілермен тілдесіп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, қоғамдық көліктердің барлығы Қарасай ауданы әкімдігінің субсидиялауымен сатып алынды. Автобустар жаңартылып қана қоймай, әрбірінің саны біреуге артты. Сәйкесінше олардың жүру аралықтары да қысқарды. Бұл жайында «Қаскелең автобус паркі» ЖШС-нің қызметкері Ерасыл Айтмұхаметов түсіндірді.
– Осы уақытқа дейін халықты «Hyundai County» маркалы шағын автобустар тасымалдаған болса, енді, міне лизинг арқылы алынған «Dongfeng» көліктері тұрғындарға қызмет көрсетеді. Одан бөлек автобустардың саны біреуге артты. Мәселен, қалаішілік №1, №2А маршруттардың саны бұрын үшеу еді. Қазір олардың саны – төрт. Яғни, жүру аралықтары қысқарып, 20 минутты құрап отыр, – дейді «Қаскелең автобус паркінің» өкілі.
Қоғамдық көліктерде «AlemPay» төлем жүйесі орнатылған. Яғни, аталған компанияның картасын және басқа да банк карталарын қолданып, сондай-ақ QR-код арқылы жолақысын төлеуге болады. Жолаушылар үшін бекітілген төлем №9 маршрут үшін 150 тг, ал Қаскелең ішінде жүретін №1, №2А бағыттарға 80 тг деп бекітілген. Оқушыларға 50% жеңілдік қарастырылған.