Ән сөзінің классигі құрмет төрінде

Ән сөзінің классигі құрмет төрінде

Sorry, this entry is only available in Орыс Тілі.

 «Алтын ғасырында» ұлылармен қатар жүріп, қазақ өнерінің өрістеуіне өлшеусіз үлес қосқан, бір өзі ғана 400-дей әнге өлең жазған айтулы ақын Нұрсұлтан Әлімқұловтың мерейтойы кіндік қаны тамған Қарасай жерінде жақсы аталып өтті. Аудан әкімі Махаббат Бигелдиевтің тікелей бастамасымен алдымен ақынның есімі берілген Қаскелең қаласындағы мектепте бастау алып, әрі қарай Алмалыбақ ауылындағы облыстық мұрағатта жалғасын тауып, аудандық мәдениет үйіндегі еске алу кешімен түйінделді. Н.Әлімқұловтың жары Сәуле Зиятқызы бастаған балалары мен туған-туыстары бас қосқан мерейтойға облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуалиев арнайы келіп өңір басшысының құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар, қазақ эстрадасының майталмандары ақынның сөзіне жазылған танымал әндерді орындап, жырдан шашу шашты.

Қаскелең қаласының шығыс бөлігінде орналасқан білім ордасы 1999 жылдан бастап Нұрсұлтан Әлімқұловтың есімімен аталады. Жыл сайын көктем айында мұнда ақынды еске алуға арналған кездесулер ұйымдастырылып тұрғанымен, биылғы ондай шараның ауқымы кеңейе түсті. Арнайы онкүндіктің жоспары бекітіліп, оның аясында оқушылар бойындағы ерекше дарынымен ерте танылып, өкінішке орай, ерте дүниеден өткен қаламгердің шығармашылығымен жете танысқан. Көзі тірісінде академик Зейнолла Қабдолов «Ән өлеңінің классигі» деген баға берген Нұрсұлтан Әлімқұлов «Қос бауыр», «Бала Тұрар», «Шипахана», «Дәрігер», «Мұғалім» атты поэмалар мен лирикалық өлеңдер жазып қалдырғаны  белгілі. Ол сонымен бірге балаларға арналған ертегілер мен сәби санасына лайықталған оқиғалы шумақтардың авторы ретінде кеңінен танымал. Мысалы «Қораз бен түлкі», «Барабаншы қоян», «Балалы үй – базар», «Атқұлақ» жинақтары Қазақ балалар әдебиетінің кітапханасы энциклопедиясына енгізілген. Мектеп фойесіне осы еңбектерін айқындайтын және ақынның өмірі мен еңбек жолынан сарғайған суреттер сыр шертетін көрме қойылды.

Наурыздың 15-де, яғни, Нұрсұлтан Әлімқұловтың дәл туған күнінде ұйымдастырылған мерейтой шымылдығы осы мектепте түріліп, жан-жақтан жиналған мерейтой иесінің жақындары көрмені тамашалап, ұстаздар қауымымен, оқушылармен жүздесті. Аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева да келіп, ыстық ықыласын аңғартқан бас қосуда мектеп директоры Р.Дүйсебаева білім ордасының тарихынан мағлұмат беріп, көпшілік қаламгер жайлы деректі фильмді тамашалады. Өз кезегінде қонақтар тарапынан да ізгі лебіздер мен жылы естеліктер көптеп айтылды.

Мысалы, ақынның үлкен қызы Зәуреш Нұрсұлтанқызы әкесінің тірі кезінде ерекше адамгершілік қасиеттерге ие, жанындағыларға тек жақсылық ойлайтын, ерекше шығармашылықтың адамы болғандығын тілге тиек етіп, оның артында қалған өшпес мұрасына, аруағына құрмет көрсетіп, мерейтойын туған жерінде үлкен ықыласпен атап өтіп жатқан Махаббат Садуақасұлы бастаған ұжымға шексіз ризашылығын білдірді.

Мұнан кейін жиналғандар түгелдей Алмалыбақ ауылында орналасқан Алматы облыстық мемлекеттік мұрағаты ғимаратына ат басын бұрды. Аталған мекеме ұжымы да «Жетісу жерінің асыл перзенті» тақырыбында салтанатты шара ұйымдастырды. Осыдан біраз уақыт бұрын ақынның екінші қызы Жазира Нұрсұлтанқызы әкесінің құжаттарын кейінгі ұрпаққа мұра болсын деген ниетпен осында әкеп өткізген екен. Сол жәдігерлер қойылған көрмеге назар салған жұртшылық жиынжайға жалғасты. Онда қонақтар қатарын ауыл тұрғындары мен студенттер толықтыра түсті. Алдымен мерейтой иесінің жары Сәуле Зиятқызы ортаға шақырылып, бас қор сақтаушысы Ардақ Қайыпжанова архив директоры Гүлмира Құлмұханбетованың атынан құрмет көрсетті. Өз сөзінде толқыныс үстінде ризашылығын білдірген адал жар ерінің ақын болып туып, өмірден ақын болып кеткендігін тілге тиек етті. Марқұмның ерекше қасиеттері жайында сөз қозғап, кейбір естеліктерден сыр тартты.

Жоғарыда айтқанымыздай, 400-ге жуық әнге сөз жазған ақын Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Нұрғиса Тілендиев сияқты 40-қа жуық композиторлармен қоян-қолтық жұмыс істеп, орындаушылармен де жақсы қарым-қатынаста болған. Солардың бірі ҚР халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов та бұл мерейлі жиынның төрінен орын алып, танымал тұлға төңірегінде әдемі әңгіме өрбітті.

  • Мен өз заманымда Шәмші, Әсет, Нұрғиса сияқты композиторлармен, Нұрсұлтан көш басында тұрған бір топ ақындармен араласқаныма тағдырыма ризамын,- деді ол үлкен толқыныспен.- Олар өте талантты болатын. Сондықтан, қанша жыл өтсе де әлі күнге дейін ел жүрегінде сақталып, аузынан түсе қоймаған туындылардың өмірге келмеуі мүмкін емес еді! Мен олардың қасында жүріп көп нәрсені үйрендім, нағыз мәдениеттіліктің, адамгершіліктің қандай болатынын анық аңғардым. Сондықтан, мен тірі тұрғанда олар «өлмейді». Әндерін орындау арқылы сол біздің заманның тынысын, көңіл-күйін, асқақ арманы мен адал ниетін халыққа жеткізуді жалғастыра беремін…

Осы сөздерден соң жиналғандар бірауыздан әншіден ән сұрады. Сөйтіп, ерекше тарихы бар, кез-келгеннің көңілін бірден баурап алатын «Алтыным» орындалды. Көпшілік қосыла шырқады.

Бұдан бөлек, тектінің ұрпағы екенін танытқысы келгендей, ақынның үшінші қызы Мира сол заманның хитіне, бүгінгі күннің ретросына айналған, сөздерін әкесі жазған бірқатар әндерден поппури айтты. Ал, оның қызы Дамира «Аққулар махаббаты» атты ерекше туындыны жанды дауыста тарту етті.

Жалпы, бұл емен-жарқын ерекше отырыста басқа да қатысушылар ортаға шығып, өздерінің ақжарма тілектерін айтып, ізгі ниеттерін білдіріп жатты. Ал, Шелектен арнайы келген, Нұрсұлтан атасының шығармашылығын жақсы көретін жас ақын Тоқтарбек Жұмагелді мерейтой иесіне арнап жазған арнауын оқып, құрмет-қошеметке бөленді.

Түстен кейін мерейлі жиын аудандық мәдениет үйіндегі еске алу кешінде жалғасын тапты. Залға лық толған көрермен Бар-жоғы 54 жыл ғана ғұмыр кешіп, халқына сарқылмас мол мұра қалдырған ақын Нұрсұлтан Әлімқұловтың туралы «Қазақстан» ұлттық арнасы түсірген «Жарқын бейне» деректі фильмін тамашалап, мол мағлұматқа қанықты. Келесі кезекте сахна төріне көтерілген аудан әкімі Махаббат Бигелдиев мерейтойға арналған кең көлемді баяндамасын оқып, дүниеден озғанына 40 жылға жуықтаса да есімі халқының жадында жаңғырып, әндері жүректерді тербетіп келе жатқан қазақтың біртуар перзентінің шығармашылығы жайында көп жайтты айтып өтті. Сондай-ақ, осы төрде облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуалиев өңір басшысы Амандық Баталовтың құттықтау хатын оқып беріп, ақынның жары Сәуле Зиятқызының иығына кестелі шапан жапты.

Бұл мерейтойдың тағы бір есте қаларлық тұсы – жаңа кітаптың жарыққа шығуы. Махаббат Садуақасұлының қолдауымен және жазушы-журналист Қуат Қайранбаевтың құрастыруымен «Нұрсұлтан Әлімқұлов» атты 300 беттік жинақтың тұсауы кесілді. Төрт бөлімнен тұратын кітапта ақынға деген ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтауы, танымал қаламгерлердің тілек-лебіздер, Н.Әлімқұловтың поэмалары, өлеңдері мен әндерге жазған мәтіндері топтастырылған. Ел алдында салтанатты түрде жинақтың тұсауы кесілді.

Н.Әлімқұловтың үлкен куйеу баласы Еркебек Қамбарұлы да өз кезегінде осындай үлкен құрмет пен ізет көрсетіп отырған облыс, аудан басшылығына, барша ниеттес жандарға алғысын айтып, әкелерінің даңқы Мәңгілік Қазақ Елі барда бірге жасай беретіндігіне көз жеткізгенін тілге тиек етті.

Кешті көркемдеген концерттік бағдарлама да ерекше еді. Өйткені, мұнда 40-50 жыл бойында талай шаңырақ шаттығында үздіксіз шырқалып, екінің бірі жатқа білетін, өміршең туындылар орындалды. Атап айтсақ, «Алатау» әнін Нұрғали Нүсіпжановпен көпшілік асқақтаған көңіл-күймен айтса, эстрада жұлдызы Досымжан Таңатаровпен «Күткенде», «Айшажан» әндерінің ырғағына тербелді. Ал, еліміздің өнер әлемінде өзіндік орны бар Ұлжан Айнақұлова қызы Әсеммен «Ауылым» әнін тарту етсе, танымал Ләлә Бақытнұрқызы тамылжыта салған «Бұлбұлды» жұртшылық ыстық ықыласпен қабыл алды. Сондай-ақ, «Үшқоңыр» этнографиялық-фольклорлық ән-би ансамблінің әншілері мен аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының орындауындағы өзге де туындыларды көрермен ұйып тыңдады.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях