Бүгін ҚР ІІМ баспасөз қызметінен Нұрділдә Ораз ішкі істер министрінің кеңесшісі – ІІМ ресми өкілі болып тағайындалды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
37 жастағы Нұрділдә Ораз Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университетінде «Журналистика» мамандығы бойынша білім алған. Сонымен қатар, ол Қарағандыдағы ІІМ академиясын тәмамдап, «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-та оқып келген. Әр жылдары Нұрділдә Ораз Алматы қаласындағы ЮСА телеарнасында журналист, «31 канал» телеарнасында «Информбюро» жаңалықтар редакциясының жүргізушісі, Астаналық «Астана» телеарнасында редактор және жетекші, Apta.kz сараптамалық бағдарламаның жетекші және редакторы ретінде жұмыс істеді. Ал, мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын ол 2007 жылы Астана қаласы Ішкі істер департаментінің тіл саясаты және ақпарат бөлімінің басшысы болып бастап, 2011 жылы ішкі істер министрінің баспасөз хатшысы, содан кейін мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің басшысы қызметін атқарды. Ал, бұл жұмысқа дейін ол 2016 жылдан бері Бас прокуратурада аппарат басшысының орынбасары болып істеген.