ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев жұмыстан қысқарып қалған полицейлерді қайда орналастыратынын айтты, – деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы. Бұл туралы ақпарат Tengrinews.kz сайтында жария болды.
Министр Ерлан Тұрғымбаев журналистер қауымына берген мәлімдемесінде былай деді: «Біз өз қатарымыздағы қызметкерлердің 10 пайызын қысқарттық, бірінші кезекте, орталық аппаратта 15 пайызға қысқарды. Басқару аппараты қысқарып, аудандық буынға дейін төмендеді. 10 пайызға қысқарту есебінен патрульдік полицияның еңбекақысын 65 пайызға өсіреміз. Олардың жалақысы төмен болып шықты. Мәртебені көтеру үшін, сыбайлас жемқорлықты төмендету үшін және күрделі еңбек жағдайлары үшін жалақыны көтереміз».
Сондай-ақ, Ішкі істер министрі, 120 мыңнан аса табыс табатын қазіргі тергеушілер мен жедел уәкілдердің жалақылары 1 шілдеден бастап 170 мыңға жуық болатынын да айтты.
«Ал, қалған санаттардағы қызметкерлердің жалақысы 25 пайызға өседі. Қалған қызметкерлер шетте қалып қойған жоқ, бір ай ішінде оларды өңірлерде, аудандық ІІБ бөлімшелерінде бос орындар бойынша бөліп, жұмысқа орналастырамыз», – дейді министр Е.Тұрғымбаев.