Мақсаты – жастарды әлеуметтендіру, әсіресе аз қамтылған халық тобын қоғамдық пайдалы істерге жұмылдыра отырып, ынталандыру болған «Жастар корпусын дамыту» жобасы еліміз бойынша қанатын кеңге жайып келеді. Одан біздің Қарасай ауданының алыс ауылдарындағы жастары да шет қалмауы үшін көптеген насихаттау жұмыстары жүргізілуде.
Сондай басқосудың бірі Үшқоңыр мәдениет үйінде болып, оған 80-ге жуық ерікті жастар қатысты. Жиналысты „Жас Отан„ жастар қанатының жетекшісі Мадина Нұрланова жүргізіп, жаңа бастама жайлы көп ақпарат берді. Оның айтуынша, оған оқымайтын немесе жұмыс істемейтін, кәсіптік қайта даярлауға тартылмаған немесе тұрақты жұмыс орны бар, бірақ, кедейлік шегінен тыс қалып отырған, 18-ден 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Өзінің ойлаған немесе жоспарға алған жобасын жүзеге асыру үшін бұл бағдарлама әр жобаға 1 млн. теңгеге дейін грант бөледі екен. Алайда, әр жоба қабылдана бермейтіні де ескертілді. Мәселен, олар Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін, ақылы қызметтер көрсетуді көздеген, құрылыс жұмыстарының қандай болса да түрлерін немесе қалпына келтіру бойынша жұмыстарды қарастыратын, бұдан бөлек, баспаханада қолжазбалар жазу сынды т.б бағыттағы жобалар болмауы керек. Керісінше, білім беру, саламатты өмір салты немесе спорт, мәдениет, патриоттық және азаматтық белсенділік, отбасылық құндылықтар немесе дәстүр, экология, аббатандыру, ғылым және техника, туризм, ауылды дамыту, волонтерлік бастамалар сынды болса, грант алуға мүмкіндік арта түспек. Бұл ретте жастар да үлкен қызығушылық танытып, өз ойларымен бөлісті.
Жиын соңында, қатысушыларға аталмыш жоба туралы толық мәлімет беретін жадынамалар таратылып, жаңа бастамаға өтінім беру zhasproject.kz ақпараттық порталы арқылы жүзеге асырылатыны айтылды.