Мерейлі мерекеде қарасайлықтар құрметке бөленді

Мерейлі мерекеде қарасайлықтар құрметке бөленді

Ел мерейін өсіретін мемлекетіміздегі айтулы күндердің бірі – Тәуелсіздік мерекесі. Азаттығымызды ұлықтайтын бұл сәтте ауданымызда дәстүрлі түрде салтанатты шара ұйымдастырылатыны белгілі. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында өткен биылғы бас қосу бұрынғылардан өзгерек болды. Өйткені, еңбегі еленген ауданның бірқатар азаматтары мәртебелі марапатқа қол жеткізіп, ізгі ілтипатқа бөленді. Бұл құрметтің барлығына бүгін олар аудандық Мәдениет үйінде өткен іс-шара барысында ие болды, деп хабарлайды Karasyinfo.kz желілік басылымы.

Мерекелік концерттің ашылуы Жер-Ананың қастерлігін ұғындырған, қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың алар орны ерекше екенін көрсеткен әсерлі сахналық қойылыммен басталды. Одан кейін аудан әкімі Жандарбек Далабаев тәуелсіздіктің қастерлігі мен оны қалыптастыру жолында тер төккен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, мемлекеттің саясатын жүйелі жүзеге асырып отырған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың іскерлігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, аудан басшысы жұртшылықты Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, мереке аясында аудандық мәслихаттың шешімімен бекітілген төрт азаматқа «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» атағын табыстады. Бұл мерейлі марапаттың қатарында талай жыл мемлекеттік қызметте еңбек еткен Қадірбек Атчабаров, ардагер-журналист Берікбай Қадықов, «Ж-Каскелен» ЖШС-нің директоры Жеңіс Бектасов және Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің меншікті тілшісі, әрі аудандық газеттің журналисі Танзиля Мұхтарова болды. Аудан басшысы әрқайсысын лайықты құттықтап, өз қолымен төсбелгілерін кеуделеріне тақты.

Көңілді марқайтқан марапаттардың легі мұнымен тоқтаған жоқ. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ерекше мейрам болғандықтан, дәл осы мерекенің қарсаңында ауданның әлеуетін арттырып, түрлі салада аянбай қызмет атқарып жүрген біраз жерлестеріміз құрметке бөленді. Атап айтқанда, Президенттің арнайы Жарлығымен «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медальдары мен Құрмет грамотасы, сонымен қатар, ҚР Парламент Сенатының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, ҚР Ұлттық экономика министрінің Құрмет грамотасы, ҚР Денсаулық сақтай минстрінің Алғыс хаты және Қарасай ауданының Құрмет грамотасы берілді.

Марапаттарды табыстау рәсімінен кейін аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, әрі осы шарада Президенттің «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» медалінің иегері атанған Едіген Жүнісбеков сөз сөйлеп, аудан әкіміне деген ыстық ықыласын, көпшілікке деген ақ тілегін білдірді. Салтанатты жиынның соңында аудан өнерпаздарының қатысуымен түрлі өнерлер ортаға салынып, оркестердің сүйемелдеуімен жанды дауыста әндер шырқалды.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях