Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесін дамыту Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатындағы басым бағыты болып табылады. Еліміздің зияткерлік әлеуетінің болашағы – балаларға мектепке дейінгі сапалы білім беру және олардың қабілеттерін дамыту қоғам үшін де өте маңызды. Сондықтанда, қазіргі кезде осы бағытта өте көп жұмыстар жасалуда. Мысалы, бүгін Алтын ауыл орта мектебінде аталмыш ұйымдардың жұмысын ұйымдастыру, жоспарлау жолдарын талдау, тәжірибе алмасу арқылы мамандардың кәсіби біліктілігін дамыту, шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында семинар өтті.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлнар Такимованың төрағалығымен өткен жиналысқа ауданның 50-ге жуық жеке меншік балабақшаларының меңгерушілері қатысты. Басқосу тренинг түрінде болып, оны аудандық білім бөлімінің әдіскері Ләйлә Раимова жүргізді. Онда ол аудандағы мектепке дейінгі жекеменшік ұйымдардың үлесі жайында, сонымен қатар, МДҰ жұмысын ұйымдастыру, жоспарлау, меңгеруші рөлі, қызметкерлердің функционалдық, лауазымдық міндеттері нақтылап, іс номенклатурасы мен қағаздарын рәсімдеу ережелері сынды мәсеселерді қозғады. Ал, қатысушылар өз тарапынан көкейінде қозғаған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.