Мейірімді меценат сыйлаған бақыт

Мейірімді меценат сыйлаған бақыт

Sorry, this entry is only available in Орыс Тілі.

Адал ниет, шын жүректен жасаған жақсылықтан алған алғыс абыройдың биік шыңына көтеріп, алға жетелейтіні анық. Біз сөз еткелі отырған, еліне қолға алған ісін өрге дөңгелете білген беделді кәсіпкер, алдына келгенге көмегін беруден қашпайтын көңілі ашық, жаны жомарт азамат, мейірімді меценат ретінде танылып жүрген Серікхан Сәметұлы сол ізгіліктің қай-қайсысын болмасын жалпақ жұртқа жария қылудан аулақ. Өйткені, бұл кісі қай жәрдемін болса да жарнама үшін емес, шынайы жанашырлық ниетімен жасайды. Алайда, осы жолғы ағаның ерлігі деуге тұрарлық үлкен мәрттігі жайлы ерекше айтпай кету мүмкін емес.

Сөз – осы аптаның сейсенбісінде ауданымыздағы «Хама парк» мейрамханасында өткен ерекше той жайында болмақ. Ал, оның ерекшелігі салтанаттың сәнінде немесе дәулетінде емес, бас қосқан жандардың тағдырында.

Бас қосып отырған 21 жастағы Қайрат І топтағы ал, Жансая ІІІ топтағы мүгедектер.

Қозғалып, жүріп-тұруы шектеулі демесеңіз, Қайраттың ақыл-есі дұрыс. Тіпті, ерекше ойлау қабілетіне ие, өте ақылды. Алты жасынан бастап, 9-шы сыныпқа дейін үйде орта білім алып, кейіннен компьютердің тілін жақсы меңгеріп алған. Ол үшін арнайы курстан өткен де. Ал, Жансая Қаскелең қаласындағы қосалқы мектеп-интернатта оқыды. Тілінде, сөзінде аздаған ақауы бар. Өзінің тігіншілікке деген икемі басым. Осы талабын біліммен ұштап, арнайы курстан өтуді мақсат еткен тұста тұрмыс құрып отыр.

Олардың үйлену тойын ауданға ғана емес өңір, республика көлемінде жақсы танымал меценат Серікхан Әділханов дүркірете өткізді.

  • Мен біреуге жақсылық жасасам, шыны керек, өзіме немесе кәсіпкерлігіме жарнама қылу үшін жасамаймын,- дейді Серікхан Сәметұлы бізбен әңгімесінде. – Құдайға тәуба, мына бейбіт те берекелі заман біздің еш кедергісіз алға ұмтылуымызға септігін тигізіп отыр ғой. Ісіміз ілгері басқан сайын біз де адамгершілік деген ұлы қасиетті естен шығармай, мұқтаж жандарға қол ұшын созуды азаматтық парызым деп есептеймін. Біздің негізгі ниетіміз – олардың біреуден кем екендіктерін сездірмеу.

Шын мәнінде де, бұл күні мейрамхана іші ерекше құлпырып, 250 адамға арналған дастархан дәмі тіл үйірер асқа толды. Сусынның да тәттінің де түр-түрі қойылып, назардан еш нәрсе қалыс қалған жоқ. Бұл ретте, жалпы тойдың бюджеті 3,5 млн. теңге болғанын айта кеткеніміз, әбестік болмас.

Ал, асабалар Досбол мен Біржан арнайы шоу-бағдарлама ойластырып, тойдың үзіліссіз әрі қызықты өтуіне барын салды. Бұдан бөлек, бұл тойға Сәкең қазақ эстрадасының көптеген майталмандарын шақырды.

Сән салтанатымен баурап алған бұл тойда екі жасқа ақ тілектер ақтарыла айтылды. Тіпті, мейрамхана фотографтарының атынан барлық қонаққа түскен суреттері тегін таратылып берілді.

Керемет кештің куәсі болып, бастарын біріктіріп болашаққа бірге аттанған қос баласының жүзіндегі бақытты көрген Қайраттың ата-анасы Кенжалы мен Сұлушаш қанша рахмет айтса да артық етпесін алға тартып, өздерінен аз қобалжымаған Серікхан ағаның иыңына ел алдында шапан жауып, ыстық ықыластарын Алғыс хатпен жеткізді. Тойдың соңында бүкіл қызмет көрсеткен персоналдың қаз қатар тұрып, «Атамекен» әнін шырқаудың өзі де осы шараның шарықтау шегіндей еді.

Мен өте бақыттымын,- дейді Қайрат тебірене. – Үйленетінімнің өзі күмәнді болғанда, мынандай тойым болады деген түсіме де кірмепті. Серікхан ағама көп рахмет айтамын Жансая екеуіміздің атымыздан. Біз енді барлықтарыңыз артқан сенімді ақтауға тырысамыз. Отбасымды асырау үшін жұмыс істеймін.Сөйтіп, елімнің дамуына, демографиясына мен де өзіндік үлесімді қосатын боламын!

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях