Мәжіліс депутаттары референдумның маңыздылығын түсіндіруде

0
2108

Күні кеше Ата Заңымызға қатысты жобаны талқылау мақсатында ҚР Мәжіліс депутаттары – Данияр Әлімбаев және Мақпал Тәжмағамбетова Қарасай ауданына арнайы келіп, күні бойы белгіленген кестеге сай аудан халқымен кездесті. Алдымен халық қалаулылары Қарасай аудандық кітапханада ұстаздар қауымымен кездесіп, референдумның маңыздылығын сөз етті, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Жиын барысында «Amanat» партиясы Қарасай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қаныбек Айтжанов құрметті қонақтарды таныстырып, мұндай кездесулердің маңызы жоғары екенін айтты. Одан кейін мәжіліс депутаттары жеке-жеке сөз алып, жоба бойынша өзгеріске ұшырайтын баптарды талқылап, оны мұғалімдерге түсіндірді. Конституциялық өзгеріс орын алатын саяси оқиғаның елімізге тың серпіліс әкелетінін нақтылап, жиналғандардың өтініш-тілектерін тыңдады.

Мұғалімдердің көбісі әйелдердің зейнет жасына қатысты уәждерін жеткізіп, осы мәселені Парламент қабырғасында назарға алуларын өтінді. Өз сөзінде ҚР Мәжіліс депутаты Мақпал Мазаққызы дәл осы сауал Үкімет отырысында жиі талқылауға ұшырайтынын айтып, алдағы уақытта нақты шешімі болатынын жеткізді. Сондай-ақ қос депутат референдумға қатысты ұсыныстар болса немесе қоғамдық мәселелер жөнінде тұрғындардың айтар ойлары болса, жеке парақшаларына жазуға болатынын хабардар етті.
Елордадан арнайы келген қонақтар мұғалімдермен кездескеннен кейін Қарасай аудандық көпсалалы ауруханадағы дәрігерлердің пікіріне құлақ асты. Олармен де референдумды әңгімеге арқауы етіп, оның маңыздылығына тоқталды. Депутаттар әділетті қоғамды қалыптастыру жолында бұл саяси өзгерістің қажеттілігін айтып, оған жауапкершілікпен қарауға шақырды.


Референдумды насихаттау мақсатында мәжілістің өкілдері түстен кейін «Amanat» партиясының Қарасай аудандық филиалында бас қосты. Оған Жалғасхан Донбаев, Жанна Жазықпаева сынды облыстық және бірқатар аудандық мәслихат депуттары және қоғамдық бірлестіктің өкілдері қатысты. Бұл жиында Мемлекет басшысының байыпты бастамасын барлығы қолдап, Ата Заңдағы орын алатын кейбір өзгерістерге нақты тоқталды. Атап айтқанда, мәслихаттардың ықпалы артатыны, Конституциялық соттың құрылатыны, өлім жазасы мүлде жойылатыны және басқа да демократиялық қағидаттардың беріктігі сөз болды. Бұл өзгерістерге қарасайлық мәслихат депутаттары да өз тараптарынан үн қосып, қолдау білдірді.


Жиын барысында Данияр Кеңғазыұлы мен Мақпал Мазаққызы парламент қабырғасында әлі күнге дейін талқылауда жатқан заң жобасына қатысты ұсыныстар бар екенін тілге тиек етті. Мәселен, қаржы пирамидасы, интернет жүйесіндегі сауда-саттық, құмар ойындар сияқты елдің қалтасын жұқартып жүрген мәселелерді атап өтті.
Саяси реформа жайлы айтылған осы жиыннан кейін халық қалаулылары аудандық Мәдениет үйіне барып, мұнда жиналған әр саланың өкілдерімен және басқа да аудан тұрғындарымен жүздесті. Сонымен қатар мұндағы референдум талқысына «Amanat» партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Гүлнәр Тойлыбаева да арнайы қатысып, көпшіліктің айтқан ойына құлақ асты.


Құрметті қонақтар кезек-кезек сөз алып, 5 маусымда өтетін саяси оқиғаның өзектілігіне, оның ел болашағына әсері мол екенін жеткізіп, Жаңа Қазақстанды құру үшін қарасайлықтарды қолдауға шақырды. Референдумның ойдағыдай өтуіне бір кісідей атсалысып, Ата Заңның тұрақтылығын бірге қалауға үндеді.
Депутаттардың аудан ішіндегі елмен кездесуі, референдумды талқылауға қатысты үгіт-насихат жұмыстары алдағы күндері де жалғасады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь