Мәслихат – халықтың еркін білдіретін сайланбалы орган. Оның құзыретіне қысқаша айтқанда өңірдің, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты барлық сұрақтарда бұл өкілді органның өзіндік ықпалы бар.
Бүгін аудандық мәслихат хатшысы А.Көшкімбаевтың Қарасай аудандық мәслихатымен және оның тұрақты комиссияларымен өткен жылы атқарылған жұмыстары туралы халық алдындағы есепті кездесулері басталды.
Мұндай жұртшылықпен алғашқы жүздесу Абай ауылындағы № 2 орта мектепте ұйымдастырылды. Былтыр ғана жаңадан салынып, есігін айқара ашқан білім ордасының жиынжайына халық қалаулыларының есебін тыңдау үшін, ауыл ақсақалдары бастаған тұрғындар жиналды. Кездесуді аудандық мәслихат аппаратының басшысы Қордай Әбілбеков жүргізіп отырды. Бас қосудың мән-маңызы айтылып, күн тәртібі таныстырылған соң, аудандық мәслихат хатшысы Айтбай Жексенбайұлының есепті баяндамасы тыңдалды.
Қарасай ауданы әкімдігінің ұсынымдары негізінде, аудандық мәслихат сессияларында және тұрақты комиссияларында қабылданған шешімдер, ауданның өркендеуіне қосқан депутаттардың үлесі жайлы толық мағлұмат берген ол мәслихаттың алда атқаратын жұмыстарына да тоқталып өтті.
Өз кезектерінде жергілікті өкілді органның да осылай есеп бере бастағанына ризашылығын білдірген райымбектіктер тарапынан баяндамашыға қойылған сұрақтар да өте көп болды. Олар негізінен қаңғыбас иттерге, көшеге жарық беретін шамдарға қатысты болды. Сонымен қатар, ауыл үлкендері Елбасының «Рухани жаңғыру» баяғдарламасы аясында округтегі мәдениет үйін қайта іске қосып беруді сұрады.
Ұсыныс-тілектерді мұқият тыңдаған Айтбай Жексембайұлы бұлардың барлығы таяуда ғана өткен аудан әкімінің тұрғындармен есепті-кездесулерінде айтылғанын, аудан басшысы оларды тікелей назарына алғанын, өз тарапынан мәслихат та кейбір мәселелердің шешілуіне барынша атсалысатынын жеткізді.
Сондай-ақ, Райымбек округінен сайланған аудандық мәслихат депутаттары А.Гасанов пен Ж.Жазықбаева да өздерінің халық қалаулысы ретінде атқарған жұмыстарынан хабар берді. Мысалға, А.Гасанов Қырғауылды мектебінің спортзалын жөндеуге демеушілік көрсетіп, Жаңатұрмыс ауылындағы тұрмысы төмен отбасыларына жәрдемдессе, Ж.Жазықбаева Абай ауылындағы мектептердегі үш ауысымдықты жою мәселесіне атсалысып, жаңа білім ордасын салуға 5 га жер телімін бөлген.
Бұл айтылғандарға ризашылығын білдірген көпшілік, алдағы уақытта депутаттар ауыл халқының арасынан жиірек табылып, тұрақты қабылдау өткізіп тұрса деген тілектерін де айтты.
Бүгін осындай аудандық мәслихат хатшысының тұрғындармен есепті-кездесулері, сондай-ақ, Іргелі, Ұмтыл ауылдық округтерінде де өтті.